Орман секторындағы Азиялық ынтымақтастық ұйымы (AFoCO) Қазақстанға ормандарды қалпына келтіруге және өрттің алдын алуға көмектеседі. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осы ұйымның вице-президентімен кездесуінде келісімге келді.
Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің қоршаған орта және дамуы жөніндегі парламенттік конференциясына қатысу үшін Кореяға барған.
Мәжіліс депутаты өзге елден келген әріптестеріне Қазақстанның климаттық өзгеруіне қатысты қандай шаралар қолданып жатқаны жөнінде баяндады.
“Корея өзінің орман алқаптарын қайтадан қалпына келтіру үшін осы 50-60 жылда 11 миллиард ағаш отырғызған екен. Әрі 2,5 миллион гектардай жерді орман алқаптарын қалпына келтірген. Соған байланысты осы корей тарапына олардың мол тәжірибесін біздерде пайдалану жөнінде ұсыныстар бердік”, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ, ол корейлік технологияларды пайдалану немесе басқа да бізге қажетті мүмкіндіктерін бізге алып келіп көрсету мәселесін де талқылағанына тоқталды. Әрі біздің азаматтарды іс сапармен жіберіп, тәжірибеден өткізу жайы да қарастырылған.
Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.
«Семей орманы» табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.
Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.
14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.