7 маусымда Мәжілісте өткен жалпы отырыста Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Талқылау нәтижелері Сенатқа жолданды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті депутаттарға ұсына отырып, әлемде күрделі жағдай қалыптасқанына қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштердің өскеніне тоқталды. Жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3 пайызға жеткен.
Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова маңызсыз іс-шараларға қомақты ресурс жұмсалып жатқанын, бюджетті толтыру үшін резервтерді жіберіп алу, тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ бюджетті мақсатты және тиімді игеруге кері әсер ететін басқа да факторлардың бар екенін баса айтты.
Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгені құрағанын немесе 102 пайызға орындалғанын айтты. Өсу қарқыны – 2021 жылмен салыстырғанда 127,7 пайыз. Алайда оның айтуынша, республикалық бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр.
– Республикалық бюджет кірісінің шамамен 34,4 пайызы трансферт түсімдері есебінен келген. Бұл – 5,5 трлн теңге. Соның ішінде 4,6 трлн теңге ұлттық қордан түскен. Шығындар 18,5 трлн теңге болып отыр. Жоспар бойынша орындалғаны – 98,6 пайыз, ал орындалмағаны – 262,6 млрд теңге, – деді Ұласбек Сәдібеков.
Депутаттар Үкімет мүшелеріне бюджеттің орындалмау фактілері мен тексеру қорытындылары бойынша анықталған басқа да кемшіліктер бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, халық қалаулылары 2022 жылға арналған республикалық бюджетті атқару кезінде жоспарлау сапасының төмендігі, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын республикалық бағдарламалар әкімшілерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-әрекетінің сәйкеспейтіні байқалғанын атап өтті.
Мәжілістегі алты фракция өкілдері талқыланып жатқан құжат бойынша өз бағаларын берді.
«AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев инфляцияның өсуіне байланысты негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемінің мәжбүрлі түрде қысқарғанына тоқталып, Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты.
– Біз нақты проблемаларға назар аудардық. Дегенмен Үкімет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы сыртқы әлеуметтік-саяси, экономикалық жағымсыз факторлардың әсерінен орындалғанын объективті түрде атап өткен жөн, – дей келе, «AMANAT» фракциясы аталған ескертулерді ескере отырып, Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді жақтайтынын мәлімдеді.
Есепті бекітуге «Ақ жол» және ЖСДП партияларының фракциялары қарсылық білдірді. Қазақстан Халықтық партиясы мен Respublica партиясының фракциялары ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, құжатты қолдайтындарын айтты.
«Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің даму қарқыны бойынша ең төменгі сатыда тұрғанына мән берді. – Бірінші себеп – негізгі капиталға салынатын инвестицияның мөлшері аз. Екінші – елді мекендерде ауыл шаруашылығына қажетті инфрақұрылымның болмауы. Судың жетіспеушілігі бұған нақты мысал. Сондықтан бюджетті жоспарлау кезінде біз осы екі негізгі мәселенің Үкіметтің күн тәртібінде болуын талап етеміз, – дей келе, депутат жалпы «Ауыл» фракциясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы ұсынған есебін бекітуге қарсы емес екенін жеткізді.
Сонымен қатар Парламентке 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы енгізілген кезде қабылданған шаралар туралы ақпарат берілу керектігін талап етті.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелеріне есептегі әрбір цифрдың артында адамдардың тағдыры тұрғанын атап өтті.
– Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқанын мақтанышпен баяндайды. Алайда игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де өзгермейді. Біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы білеміз. Бюджет
1 трлн теңгеге түзетілді. Мұндай – «тамаша» цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Осыны ұмытпауымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ұласбек Сәдібеков,
«AMANAT» фракциясының мүшесі,
Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі:
Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапкершілікке тартылуы керек
– Жалпы, 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің жоспарлы параметрлері орындалды. Жұмыс тобының 8 отырысы өтті. Бюджеттік бағдарламалардың 24 әкімшісі, өңірлердің өкілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары тыңдалып, республикалық бюджеттің атқарылуындағы проблемалық мәселелер талқыланды.
Қаржыны уақытылы игермегендердің тізімін Қаржы министрлігі бастап тұр (16,5 млрд теңге). Сондай-ақ бұл тізімде Денсаулық сақтау (13,8 млрд теңге) және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері (10,2 млрд теңге) бар. Жалпы, 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің жоспарланған параметрлері орындалғанына қарамастан, жұмыс топтарының отырыстарында депутаттар түйткілді мәселелерді көтерді. Енді солардың кейбіріне тоқталып өтейін.
Біріншіден, жоспарлау жүйесіз. Игерілген қаражат пен бюджетті қалыптастыру кезінде жоспарланған көрсеткіштер арасында нақты байланыс жоқ. Бұл стратегиялық мақсаттарға деген формальды қатынасты және стратегиялық және бюджеттік жоспарлау сапасының төмен екенін көрсетеді.
Одан бөлек, тиімсіз жоспарлаудың салдары бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға алып келіп соғады. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 421 млрд теңге болды.
Үшіншіден, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өзара және жергілікті атқарушы органдармен іс-қимылдарының сәйкес келмеуі. Қазір бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері нысаналы трансферттер түрінде бөлінген қаражаттар бойынша есеп береді. Республикалық деңгейде орындалу 100 пайыз болса, өңірлік дамуда 94 пайыз болып отыр. Мәселен, аймақтарды дамытуға бөлінген 1 триллион 79 миллиард теңге нысаналы трансферт, оның 64 пайызы Ұлттық қор есебінен берілген. Ал 63 миллиард теңгесі игерілмей қалды дейік.
Бұл көрсеткіштердің артында қаншама мәселе тұр. Суға, кәрізге, газбен жабдықтауға қол жеткізе алмай жүрген халық тұр және денсаулық сақтау объектілері тапшы өңірлер бар. Мәселен, Энергетика министрлігі газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген қаражатты 100 пайызға игергенімен, өңірлер тарапынан 9,7 миллиард теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 8,9 миллиард теңге игерілмеген. Жоғары есеп палатасының есебіне сәйкес, бұл шамамен 299 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етілмей қалды деген сөз. 299 мың адам – бұл 105 елді мекен мен 3 қаланың халқы. Осыған қарамастан, министрлік түпкілікті нәтижеге қол жеткізілді деп санайды.
Бұған қоса, жекешелендіру процесінің тиімділігінің төмендігі. Мемлекеттік меншіктің 8 нысаны нарықтағы құнынан 4 есеге дерлік төмен 1 582,6 миллион теңгенің орнына 403,1 миллион теңгеге сатылған.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері де бюджетке тәуелді. Өкінішке қарай, тиімсіз пайдаланылған қаражатқа қатысты мысалдарды жалғастыра беруге болады. Сондай-ақ әкімшілердің бюджетті қалыптастырудағы басты міндеті – мүмкіндігінше бюджет қаражатын алу. Бұл сәтте олар орындау, игеру туралы тіпті ойланбайды да. Соның салдарынан бюджет қайта-қайта түзетіліп, нақтыланады. Сол себепті, бюджеттің тиімсіз атқарылуының негізгі себептерінің бірі деп дұрыс жоспарламау деп айтар едім. Сонымен қатар жұмыс топтарының отырыстарында Үкіметтің есебін ұсынған мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерінің дайындығы төмен екенін атап өткім келеді. Бюджет бағдарламаларының әкімшілері мемлекет қаржысын қайда, не үшін жұмсағанын білмейді. Кездесулер кезінде қойылған сұрақтарға толық жауаптар алынған жоқ.
Бюджетті атқару кезінде заңсыздықтар мен кемшіліктерге жол берген мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығына қатысты жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде Үкімет шара қабылдауы қажет.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылығына бюджетті атқару кезінде қателіктерге жол берген кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.
Енді регламентке сәйкес, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламент палаталарының бірлескен отырысында
қаралады.
https://turkystan.kz/article/225329-byudzhettin-kalay-atkarylgany-karaldy/