Бақыттың балалық шағы Сарысу ауданының Түгіскен ауылында өтті. Мұнда кешегі Кеңестер Одағы кезінде мал шаруашылығымен айналысқан үлкен совхоз болды. Әкесі Керімбай шаруашылықта қызмет істесе, анасы Ұлту үй шаруашылығымен айналысты. Бақыт үйдегі қыздардың үлкені болғандықтан жастайынан анасының көмекшісі болды. Бүгінде қара шаңырақта отырған Ғалымбет ағасы екеуі ауылдың күн батыс жағындағы қыстай су жататын көлтабанға талай рет қауын, қарбыз егіп, одан мол өнім алатын. Анасы марқұм қауыннан қауынқақ жасауды да Бақытқа мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенде үйреткен. Олардың дайындаған қауынқақтары сол кездің өзінде үлкен сұранысқа ие болатын. Сапалы дайындалған қауынқақ аудан, облыс ғана емес Алматы асып жататынында білеміз.
Бақыт Мажинова 2016 жылы Сарыкемер ауылындағы Нұржас деген азаматқа тұрмысқа шығады. Мұнда келгесін ешқандай жұмыстың қисыны келе қоймайды. Содан Нұржаспен ақылдаса келе, қыз күнінде қауынқақ дайындап, одан мол қаржы тапқаны туралы айтылады. Сол кәсіпті қайта қолға алуға белді бекем буып, жолдасы екеуі өткен жылы ерте көктемде ауылына барып, қауын егеді.
-Ауылға барғанымда қауын егіп, қауынқақ жасайтындар көбейіп кетіпті. Көлтабанды ауыл азаматтары бөліп алып, сыртын мал түспесін деп қоршап алған екен. Әр үйдің жері арасына асқабақ егіп тастағанын көрдім. Сөйтіп, жолдасым, ағам үшеуміз еккен қауын бітік шықты. Піскен уақытта барып, қауынды тіліп, оны апта бойы кептіріп, қауынқақ жасадық. Шешем үйреткендей жұмсақ, әрі тәтті болуы үшін қарбыз сөліне шылай отырып қауынқақты қыздың шашындай өріп, дайындадық,-дейді Бақыт.
Бақыт былтыр қараша айында Тараз қаласында «Бір ауыл-бір өнім» жобасы бойынша жергілікті шикізаттан жасалған ерекше өнімдер көрмесіне қатысады. Осы жобада облыс аудандары арасында ауданымыз жеңімпаз атанып, кубокты ұтып алғанын білеміз. Міне бұған біз сөз етіп отырған жас кәсіпкер Бақыт Керімбайқызының да қосқан үлесі мол. Бақыттың көрмеге қойған қауынқақтарына қызығып, оны сатып алушылардың қатары көп болды.
-Мен көрмеден соң қауынқақтарымды арнайы жылтыр қағазға орап, әртүрлі салмақта өзімнің тиісті мәліметтерімді жазып, сата бастадым. Көп ұзамай — ақ қауынқаққа тапсырыс берушілер көбейіп, сұраныс арта түсті. Қауынқақтың жақсы бір қасиеті бір жылға дейін сақтала береді. Мұндай қауынқақтар біздің дүкендерге шет елдерденде келіп түсіп жатады. Оның бағасы арзан болғанымен сапасы төмен. Ол қатты болып келеді, әрі дәмді емес. Мен жылына 15-20 келіге дейін қауынқақ дайындап сатсам, енді оны 50 келіге жеткізуді ойластырып отырмын. Бұған дейін 2 адамды жұмысқа тартсам, алда олардың қатары да көбейетін болады,-дейді жас кәсіпкер.
Қазіргідей егін суының қат кезінде суды қажет етпейтін көлтабанға егілген қауыннан алынып отырған табиғи өнім қауынқақты кәсіп етіп отырған Бақыттың бұл бастамасы құптауға тұрарлық. Оның бұл ұсынысын аудандық кәсіпкерлер палатасы да қолдап отыр. Олар корпоратив құру арқылы күнге кептіріліп келген қауын тіліктерін арнайы аппарат арқылы кептіруді ойластырып жатқан көрінеді.
Әке-шешесі кәсіп етіп, оны бүгінгі күні ағасы жалғастырып отырған оңды істі Бақытта қолға алды. Күні ертең-ақ оның кәсібі кеңейіп, алатын өнімі молая түсетініне сеніміміз мол. Сондықтанда Бақытқа марқұм анасы Ұлтудан үйренген кәсібін дөңгелетіп, оның рахатын көруіне тілектеспіз.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.