Қаракемер ауылы сапалы ауызсу желісіне қосылды

134
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту — халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы негізгі мақсаттардың бірі.
Өткен жылы 4 елді мекенде ауыз сумен қамтуға жеке модульдік қондырғылар орнатылса, ағымдағы жылы тағы 3 елді мекен ауыз сумен қамтылатын болады
Нәтижесінде аудандағы ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 38-ке жетіп, қамтылу деңгейі 90,4%-ға жетеді.
Осы орайда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қаракемер ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталды. Ауыз су жүйесінің құрылысына мемлекеттен 504 млн 548 мың теңге қаржы қаралып, 19,4 шақырымға ауызсу тартылды. Құрылысты «Таразстрой 2004» ЖШС қолға алып, бүгінгі таңда бұл жоба сәтті аяқталып отыр.
Қаракемерліктердің қуанышын бөлісу үшін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы келіп, көптен күткен тіршілік нәрінің берілуімен құттықтады.
– Бүгін біз сіздермен бірге үлкен бір қуанышты оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Ауылға сапалы ауызсу келді. Қуаныш құтты болсын, ағайын!
Әлбетте, «Су – тіршілік көзі» деген салмақты сөзді дана халқымыз бекер айтпаған. Тіршілік дүниесіне терең үңіліп қараған адам бұл ұғымның растығын, қара судың қадірін аңғармай қалмайды. Осыған орай мемлекетіміз 2025 жылға дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойып отырғанын бәріңіз де жақсы білесіздер. Сол міндетке байланысты ауданымызда жоспарлы жұмыстардың қолға алынғанынан да хабардарсыздар. Басты мақсат сол – сапалы суға зәрулік болмауы керек.
Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы біздің ауданымызда да жіті бақылауда, — деді аудан басшысы.
Өз кезегінде ауыл ақсақалы Ахатай Балқыбеков те сөз алып, мемлекетіміздің бұл сала баса назар аударып отырғанын айтып, жергілікті басшыларға алғысын білдірді.
Шараға аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев, АМАНАТ партиясы аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов және ауыл тұрғындары қатысты.

Жамбыл ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.