Заң талабы бәріне ортақ

163

Өңір азаматтары құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, ксенофобия мен этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік және этносаралық шиеленіске алып келетін кез-келген заңсыздықтардың алдын алу құқық қорғау органдарының қадағалауындағы мәселе. Қоғам ортасында ара-тұра кездесіп қалатын тұрмыстық кикілжіңдердің соңы ұлтаралық қақтығысқа да ұласып кетіп жатады. Оның алдын бүгін алмасақ ертең кеш болатындығын Қордай оқиғасы көрсетті. Аллаға шүкір, бүгінде ел тыныш. Ұлт пен ұлыс өкілдері облысымызда тату-тәтті ынтымақта тұрып жатыр.

Бүгін «Достық» үйінде облыс әкімдігі ішкі саясат пен осы басқармаға қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жоғарыда аталған мәселе аясында семинар-кеңес өтті. Оған прокуратура, полиция, қоғамдық ұйымдар мен өңірлердің ішкі сасат бөлімдері, түрлі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ол жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев төрағалық етті. Еркін Құлымбайұлы семинар-кеңестің ашылуында бүгінгі таңда облысымызда түрлі этнос өкілдері арасында орнаған ынтымақ пен бірліктің беріктігін сөз ете келіп алғашқы сөзді облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлына берілді.

Бүгінгі таңда облысымызда 87 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың құқықтары ел азаматтарымен бірдей қорғалуда. Біздің заңымызда бөле жару жоқ. Заң барлығымызға ортақ. Барлық азаматтардың құқықтары заң аясында қорғалған. Мүдделі органдар мен қатар жауапты құрылымдар арасында тиісті жоспарлар жасалған. Дегенмен ел ішінде сиректе болса тұрмыстық жағдайлар орын алып жататыны белгілі. Оның салдарынан ұлтаралық қақтығыстардың тұтанып кету қаупі де жоқ емес. Сол қауіптің алдын алу мақсатында елдімекендерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл қоғамдық жұмыстарға елге белгілі, сөзі өтімді ардагерлер тартылған. Заң баршамызға ортақ, қандайда бір құқық бұзушылық болмасын ол жазасыз қалмайды. Біздің міндет заң талаптарында көзделген құқық нормаларының сақталуын бақылау, — дейді ол.

Осыдан кейін сөз күн тәртібіне сейкес баяндамашыларға берілді. Жамбыл облыстық прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Алмас Жұмабеков өз кезегінде азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды. Ал облыстық полиция департаментінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Науатбек Қабылбеков қоғамдағы ұлтаралық қақтығыстың көп жағдайда тұрмыстық жағдайдан туындайтынын айтты.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова «Қазіргі таңда мемлекеттік тілді үйренуге талап білдірген өзге ұлт өкілдерінің қатары артып келеді. Бүгінде тіл үйрену курстарына қатысып, білім алған азаматтардың 74 пайызы қазақ тілін меңгеріп шықты. Сөйлей де, жаза да алады». — деді ол.

Ал облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Мүбарак Жинақбаева мекеме тарапынан ұйымдастырылып жатқан семинарларлар мен кездесулердің ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, татулық пен достықты насихатауда беріп отырған оң жұмыс нәтижесін тарата айтып берді. Бұдан кейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» КММ-нің басшысы Алмат Сәдуақас баяндама жасады. Ол биыл өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұлтаралық қақтығыстар тақырыбында ешқандай баспасөз мәслихатының ұйымдастырылмағанын, өйткені ондай қажеттіліктің болмағанын айтты. Дегенмен әлеуметтік желіде бір-екі тұрмыстық жағдайға байланысты іліністер болғанымен ол тез шешімін тапқанын жеткізді.

Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Осы бөлімде «Желтоқсан 1986» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Талғат Кеншінбеков Ассамблеямен бірлесе жұмыс істегілері келетінін жеткізді. Сөйтіп қоғамдық келісім ұйымымен бірлесіп жақын күндері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты іс-шара ұйымдастырсақ деген ұсыныс тастады. Ал Украйн этно-мәдени орталығының мүшесі Фёдар Клименко мемлекеттік тілді үйрену туралы тасталған ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. «Мен қазір көтерілген тіл мәселесін қолдаймын. Дұрыс қабылдаймын. Өйткені мен Қазақстанда тұрамын. Қазақстаннан ешқайда кету ниетім жоқ. Менің Германия мен Грецияға көшкен достарым бірінші кезекте сол елдің тілін үйренді. Мен үйде балаларыма жақсы өмір сүргілерің келсе, жақсы қызмет істегілерің келсе мемлекеттік тілді үйреніңдер деп айтып отырамын. Мемлекеттік тілді білсең жолың да, қызметің де өседі деп кеңес берем. Барлық жастарға жүрген жерімде осыны айтып, насихаттап жүремін», деді ол.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қорытындылап, семинар-кеңес барысында айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.