Ағымдағы жылы Байзақ ауданында үш бірдей білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі.
Соның бірі — Мырзатай орта мектебі. Біраз жылдан бері Мырзатай орта мектебіндегі шешімін таппай келе жатқан мәселе — спорт залдың жоқтығы еді. Енді бұл мәселе оңтайлы шешіліп, мектеп оқушыларының спорт залды алаңсыз пайдалануларына мүмкіндік туды. Оған өзіміз де куә болдық. Мырзатай орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге үстіміздегі жылдың сегізінші маусымында «ДамуСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жалпы құны 227 миллион 143 мың 501 теңгеге келісім-шарт жасалынған. Қазіргі таңда, жөндеу жұмыстарының өндіріс кестесі дайындалып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бұл туралы бізге аталмыш серіктестіктің учаске басшысы Сакен Садиев айтып берді. Үш ай мерзімге жоспарланған құрылыс алаңында қызу еңбек жүріп жатыр. Барлық тозығы жеткен терезелер мен есіктер, шатыры мен едені алып тасталып, жылу және электр желілері толықтай жаңарудан өткізіліп жатыр.
Учаске басшысының айтуынша құрылыс басында бір жүз бес адам жұмыс атқарып жатса, оның басым бөлігі аудан тұрғындарын құрайды. Жұмысшылардың жалақылары орташа есеппен 70-90 мың теңге аралығында, күнделікті сегіз-тоғыз сағаттық жұмыс режимімен, екі мезгіл ыстық тамақпен және серіктестік жұмысшылары жатын орындармен қамтамасыз етілген. Мұндағы қолданылып жатқан құрылыс материалдарының дені өзімізден, яғни, отандық өнімдер. Жоба бойынша ешқандай ауытқушылық жоқ екенін жеткізген Сакен Садиев едендерге линолеум төселіп, шатыры жұмсақ жамылғымен жабылатынын айтты.
Индира Спаналиева, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері:
-Жалпы, аудан аумағындағы білім ошақтарының жаңа оқу жылына әзірлігі қарқынды. Үстіміздегі жылы үш бірдей білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізілуде. Солардың бірі — Мырзатай орта мектебі. Мұндағы құрылыс жұмыстары тамыз айының жиырмасына аяқталады деп отырмыз. Енді, оқушылар жөндеу жұмыстары жасалған жылы әрі жарық мектепте еш кедергісіз білім алатын болады.
Ерлан Алшынбаев, Мырзатай орта мектебі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары:
— Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан серіктестіктің ісіне ризамыз. Біз де, ұстаздар мен кіші қызметкерлер қолдан келгенше атсалысып жатырмыз. Бүгін елуге тарта адам мектеп алдын абаттандыру, көгеріштендіру, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мектептің шатырын аяқтап қойды, әрлеу жұмыстары басталып кетті. Спорт залды тіреуіштер қойып, талапқа сәйкес жасап жатыр.
Дулат Махатов, «ДамуСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
— Оқу ғимараты тозғандықтан, үстін-үстін әктелген қабырғаны қырып, қайта сыладық. Шатыры мен еденін жаңартып, есік-терезеден бастап, электр, жылу жүйелерін ауыстырдық. Мектептің жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жергілікті тұрғындар да тартылды. Мектептің төбесін жұмсақ жамылғыдан гөрі шатырға ауыстыру туралы ұсыныс жасағанмен шешімін таппады. Ендігі кезекте, мектеп алдына демеушілік есебінен бордюрін алғызып, асфальт төсеп береміз. Сонымен қатар, пандус орнатып, кіреберіс табалдырығын кафельмен қаптап, брусчатка төсейтін боламыз. Мұның бәрі оқушылар игілігі үшін жасалатын болады.