САРЫСУ АУДАНЫ СЕРПІНДІ ДАМУДА

192

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов және Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Спикерлер брифинг барысында Сарысу өңірінде биыл атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

 

Басқосуда  алғашқы болып сөз алған  Сәкен Үмбетұлының айтуынша, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасқан.

Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 26,1 миллиард құрап, 103,7 пайызға, инвестициялардың көлемі 10,1 миллиард теңгеге жетіп, 267,7 пайызға орындалған. Ауданда алдағы 5 жылға инвестициялық жобалардың перспективалық жоспары жасақталған.

Ауылшаруашылығы саласында 4 айда өндірілген өнімнің көлемі 2,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102,8 пайызға артып отыр. Аудандағы егістік жер көлемі 24 717 гектарды құраса, 24 500 гектары игерілген. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан 77,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал елді мекен жайылымы 110,0 мың гектарға ұлғайған.

Ауданда малшаруашылығы өнімдерінің көлемі де артуда. Жыл басынан өндірілген ет көлемі 3 пайызға, сүт өнімі 2,7 пайызға артқан.

Жыл басынан бері 254,3 миллион теңгені құрайтын 32 жаңа техника алынып, жаңару көрсеткіші 4,6 пайызға жеткен. Жыл аяғына дейін техника жаңарту үлесі 12,0 пайызға жетеді.

– Кәсіпкерлікті дамыту – басты назарда. Бүгінгі күнге ауданда 4 932 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 4 385-і белсенді қызмет істеп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 48,2 пайызға артты. Жыл басынан кәсіпкерлерге 472 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылдың 4 айында 1,5 миллиард теңгені құрап, 147,5 пайызға жетті .

Биыл құрылыс саласына «Шағын және моно қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 578,1 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жылдық қуаты 400 мың тонна кальцийленген сода өндіру зауытының шекарасына дейін Ақкөл көлінен су тартқышты салуға 2,1 миллиард теңге және Жаңатас цемент зауытын электрмен жабдықтау үшін 163,5 миллион теңге қаржы бөлініп, биыл аяқталады.

Ауданда 4 айдың қорытындысымен пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 2 467 шаршы метрді құрап отыр.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 1 588 адам тұр.

Биыл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 2,1 миллиард теңге қаралып, қазір мердігерлерді анықтау бойынша конкурс жұмыстары жүргізілуде, – деді Сәкен Мамытов.

Спикер мұнан соң елді мекендерді абаттандыру жұмыстары, «Ауыл – ел бесігі» жобасы, ауызсумен қамту, газдандыру, спорт, денсаулық, мәдениет салалары бойынша атқарылған жұмыстары мен жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталды.

Брифинг барысында Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың да баяндамасы тыңдалды. Спикер алдымен қаланың дамуы негіздеріне тоқталды.

– Бүгінгі күнге 5 ірі өңдеу өнеркәсібі, атап айтқанда, «Еврохим» ЖШС, «Қазфосфат» ТКӨК, «Жарас» мұнай өңдеу зауыты, «Асыл тұз» соляная компания» ЖШС, «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыты тұрақты түрде жұмыс істеуде.

Биылғы жылдың 4 айында өнеркәсіп өнімдерінің құны 23,7 миллиард теңге құрады, – деді Д.Борсықов.

Жалпы қалада бұдан да басқа атқарылып жатқан жұмыстар қыруар. Жаңатас қаласының әкімі барлығына жіті тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.