Таразда ұрпақ тәрбиесіне қатысты ауқымды басқосу өтті

181

Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі «дөңгелек үстел» өтті. «Дөңгелек үстел» деген аты ғана болмаса ұйымдастырылу ауқымы жағынан форум деңгейінде өтті. Ұрпақ тәрбиесіне мән берген маңызды іс-шараны халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі саяси партиялармен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы аясында қолға алынып отыр. Ал оған Жамбыл облысының әкімдігі барынша қолдау білдірді.

Форум басталмас бұрын осы жобаның жетекшісі, халықаралық «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қабылдады.

Қала басшысы С.Мешітбайқызына облыс орталығының бүгінгі ахуалымен, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, қаланың проблемаларына, инвестиция тарту ісіне де тоқталды.

Келесі кезекте сөз алған Сәуле Мешітбайқызы бұл жолғы сапарының мақсаты – аймақтардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, тұрғындарының талап-тілегін тыңдап қана қоймай, елдің назарын бала тәрбиесіне де бұру, ұлттық идеологияны жүйелеу екенін айтты.

– Өзіңіз білесіз қазір мына ақпараттық технология деген үлкен мәселеге айналып келеді. Пайдасынан зияны басым болып бара жатқан сияқты. Жастардың азаннан қара кешке дейін телефон құшақтап жататынының денсаулыққа, көзге зиян екені бір бөлек, ондағы тәрбиелік мәні жұрдай, азғындаған, мейірім-шуақтан жұрдай контентерінің зардабы одан екі есе. Одан қалса сол ғаламтордағы әлеуметтік желідегі болып жатқан өмір жағаңды ұстатады, – деді С.Мешітбайқызы.

Жалпы кездесу барысында ұлттық құндылықтар, мәдениет, тіл төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіп, қала басшылығы мен газеттің рухани байланысы, әріптестік жобалары жайы да талқыланды.

Оқушылар сарайында өткен жиынға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қалалық Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, сондай-ақ қала мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитетінің жетекшілері мен жастар қатысты.

Форумда Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ директорының орынбасары, облыстық қоғамдық Ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев модераторлық етіп, «Тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық тәрбие» туралы әңгіме өрбітсе, қала әкімінің орынбасары Д.Дәулетов бүгінгі буынның тәрбиесі, оларды ұлттық идеологиямызға жат дүниелерден алшақ ұстап, дұрыс бағытта тәрбиелеу мемлекеттің ғана емес, барша қоғамның міндеті екеніне тоқталды.

Одан кейін сөз алған Сәуле Мешітбайқызы қазіргі заман талабы, тіл мәселесі, ұлттық құндылықтар туралы орамды ойларын ортаға салды.

– Мен, біріншіден, бала тәрбиелеген анамын және әжемін. Қоғамдық қызметтерімді айтпағанның өзінде, халықаралық басылымды басқарамын. Ең бастысы, мен ұрпақ тәрбиелеген ұстазбын. Өздеріңіз сияқты мені де балалардың болашағы мен ертеңі қатты толғандырады. Қазір мен Қазақстанның барлық облыстарын аралап жүрмін. Бүгінгі кездесуге де қатысуымның бірден-бір себебі де осында жатыр. Мені де жас ұрпақтың жай-күйі толғандырады. Оларға қатысты орын алып жатқан келеңсіз жайттардың дені ата-аналардың немқұрайдылығынан болып жатқанын айтқым келеді. Бұл жағдайларға қоғам да кінәлі. Ең әуелі осының алдын алуымыз қажет. Бұл тұста жауапкершілік, оның ішінде, ата-ананың баласына деген жауапкершілігін арттыруымыз қажет, – деді С.Мешітбайқызы.

Сондай-ақ басқосуда Тараз қалалық Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты баяндамасында ұлттық психология, отбасы құндылықтары төңірегінде төгілтіп тұрып сөйледі.

– Бала тәрбиелеуде ұлттық психологияның қашан да халық тәрбиесін үлгі ұстағаны белгілі. Ал қыз – ұлтымыздың санын ғана емес, бесік жырымен-ақ сапасын да арттырып, ұлтты сүюге жетелейтін ғажайып күш болғаны анық, – деген Жанат Төленқызы баланың алғашқы қоғамы – отбасы екеніне де баса назар аударды.

Бұдан бөлек жиында, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі білім саласы бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Баймұрат Жақсыбеов, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов және тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, көтеріліп отырған мәселенің ұлт үшін өте өзекті екенін, мұндай бастама осымен тоқтап қалмау керектігін айтып өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.