80 жасында кесілген саусағын тапқан қарттың махаббат хикаясы

96

Түркия. Ыстамбұл қаласы, Гүнешлі ауданы. Нұрабдуллах Жәдік есімді ағаның үйіндеміз. Келгенімізге бір жарым айға жуықтады. Анамызға ем осы елден табылған соң арнайы келген бетіміз. Нұрабдуллах Жәдік есімін білмейтін мұнда қазақ кемде- кем. Ем алуға келгендерге үйін тегін беретін кісі туралы сайтымызға шыққан көлемді сұхбатты да оқи аласыздар.

Нұрабдулла Жәдік ағамыздың туған әпкесі Нұрила Жошқын апамыз біз келгелі көмегін аямады. Әр кеш сайын отырып, түрлі естелік айтып беретін болды. Сол кештегі әңгіменің бірінде апамыз Ақмолда есімді ақсақалдың махаббаты туралы хикаяны айтып берді. Алғашында оқиға ойдан құралған болар деп ойлап едім, бірақ «Ақмолда деген кісі көршім болды. Біз ол кезде 11-12 жастағы баламыз» деп қайырғанда ғана, айтып отырған естелігінің шынайы екенін түсіндім.

«Ақмолда деген кісі болды. Көршіміз. Біз ол кезде 11-12 жастағы қыздармыз. Ақмолда ақсақалдың үнемі жалғыз екенін көреміз. Бір күні: «Әйеліңіз қайда?» деп сұрадық. Ол кісі: «үйімде, сандықта. Тығып ұстаймын» деп жауап берді. Бала болған соң қызығып, үйіне қарай беттегенде артынан еріп отырдық. Ол үйіне кіріп кетті. Біз терезесіне түскен перденің шетіндегі саңлаудан ішке көз тастадық. Өтірік айтқан екен. Әйелі жоқ. Жалғыз төсек. Сонда барып қисайды. Осыны үйдегілерге айтамыз деп, сөз де естідік: «Ақмолданың артынан аңдып жүрсіңдер ме?» дегені бар әкеміздің. Ол кісінің бір саусағы жоқ еді. Ол туралы сұрасақ та жауап бермейтін.

Кейін ол кісі 80 жасқа таяғында қайтыс болды. Сол кезде ғана барып біз шындықты білдік.

… Ақмолда атамызға сол ауылда таныс жеңгеміз (Қытайда тұратын қазақтар бұл кісілер) сол үйдің кіші қызын сөйлесіп беремін деп шақырып, отын жарғызыпты. Жеңгеміз егер отынды жақсылап жарып берсе, қалыңдықпен кездестірем деп уәде еткен екен. Ақмолда атамыз сол жерде отын жарып жүргенде бір саусағын балта шауып түскен. Жеңгеден ұялып, шауып түскен саусағын да алмай, қолын жауып, кетіп қалған екен. Сол кеткеннен мол кетіпті. Ал әлгі кесілген саусақты жеңгеміз тауып алып, үйдегі қайын сіңлісіне апарып берген. Болған жағдайды айтқан.

Арада қаншама жыл өтеді. Ақмолда атамыз үйленбеді. Жасы сол 80-ге таяғанда Қытайдағы ауылына ат басын бұрып, ағайын-туысты көрмекке барған. Сол кезде алдынан әлгі жеңгеміз таныстырамын деген жас қалыңдық шыққан. Ол кісі де қартайған, біраз жасқа келген. Апамыз Ақмолдаға қаншама жыл жуып, күтіп, сақтап келген саусағын сол жерде өзіне беріпті. Ең қызығы, апамыз да күйеуге тимеген. Біреулердің айтуына қарағанда, ол кісіні күткен дейді.

Ақмолда сонау Қытайдан жас кезінде Түркияға асып келіп, бірақ сол жаққа барып қайтыс болады. Естуімше, бара салған соң үш күннен кейін. Ал қырқы өтіп жатқан кезде апамыз да о дүниеге аттаныпты. Ал екеуінің қабірін бір-біріне бастарын қаратып жерлеген екен».

80 жасында кесілген саусағын тапқан қарттың махаббат хикаясы
Суретте Нұрила Жошқын апа.

Нұрила апамыздың мына хикаясын тыңдап отырып денем түршігіп кетті. Қандай махаббат! Бір-бірін күткен қос ғашықтың ең соңында табысуы, адалдық пен аманатқа қиянат жасамауы кез келген адамды ойландырады деп ойлаймын. Шетелдің түрлі махаббат романтикасына мас болатынымыз бар, бірақ дәл осы шынайы оқиға, Ақмолда атамыздың, саусағын сақтаған апамыздың мәңгілік махаббаты, адалдығы көпке үлгі, кейінгілерге айта жүретіндей хикая деп түйдім.

Материалды дайындаған: Марғұлан АҚАН

Ыстамбұл қаласы.

Гүнешлі ауданы.

https://turkystan.kz/article/222607-80-zhasynda-kesilgen-sausagyn-tapkan-karttyn-mahabbat-hikayasy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.