Ресми ақпарат

165

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде орын алған жағдайды тұрақтандыру бойынша арнайы құрылған комиссиямен бірқатар шаралар қабылданды.

Келіссөздер нәтижесінде жұмысшылардың қойған 7 талабының 6-ы қанағаттандырылды.

Жалақыны 30 мыңға көтеру маусым айында орындалмақ. Ал, «Қаратау» тау кен өңдеу кешені директоры М.Макишовты және басқаларды қызметтен босату туралы мәселе алдағы уақытта қарастырылады.

Алайда, жалақыны 21 пайызға көтеру бойынша келіспеушіліктер туындауда.

Жұмысшылар жалақыны көтеруді талап еткенімен, кәсіпорын әкімшілігі тарапынан сыйақы беру ұсынылуда.

Бұл тармақ бойынша «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев серіктестік басшылығымен келісу үшін 10 күн уақыт сұрады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жаңатас қаласында орналасқан «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені жұмысшыларының талаптарын зерделеу және шешу мүмкіндіктерін барынша жедел қарастыру үшін арнайы комиссия құрылған болатын.

Оның құрамына әр цех жұмысшыларынан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары енді. Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е. Сариев сайланды.

Айта кету керек, орын алған наразылықты ереуіл емес, еңбек дауы ретінде қарастыру маңызды.

Барлық әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпаратқа сенуге, жалған ақпараттар таратпауға шақырамыз.

 

Жамбыл облысының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.