Ағымдағы жылдың 12 сәуірі күні сағат 13:58-де ахуалдық орталықтың операторынан №8 учаскедегі күзетілген аймақққа күдікті азаматтың белгісіз бір затты лақтырғаны туралы ақпарат келіп түседі.
Кезекші топтың жедел әрекет етуінің нәтижесінде әлгі азамат көп ұзамай құрықталады. Қолға түсіру барысында күдікті тұлға қарсылық көрсетіп, қашып кетуге тырысады. Өзінің көзәйнегін сындырып, мойын тұсына жарақат салуға және әйнек сынықтарын жұтып қоюға оқталады. Алайда, бұл ойы жүзеге аспай күдікті полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Кейін бұл азамат 1994 жылы туған Евгений Меньшов екені белгілі болды. Сондай-ақ оның бұрын сотталғаны анықталды. Сонымен қатар оқиға орнынан скотчпен оралған шар тәрізді белгісіз зат табылды. Аталған зат 74 даналық трамадол таблеткасы болып шықты.
Трамадол – психотропты, қауіпті дәрілік препарат. Оны пайдаланатын адамдар үшін ҚР Заңына сәйкес жаза қарастырылған.