Сарысу ауданының басшылығы болашақ «ЕвроХим» химиялық кешенінің» құрылыс алаңында болды.
Жамбыл облысы, Жаңатас қаласынан 20 шақырым жерде қуаттылығы жылына бір миллион тонна минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіп өнімдерін шығаратын химиялық зауыт салынуда. Аталған жоба 1,2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімдігінің өкілдері құрылыс алаңын аралап, негізгі іргетастына бетон құю жұмыстары басталған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ірі зауыт құрылысын аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Өндірістің өзінің құрылысынан бөлек, жобаның сыртқы инфрақұрылымын жобалау белсенді қарқынмен жалғасуда. Оның құрамына электр желілері, сумен жабдықтау, темір жол және автомобиль жолдары, сондай-ақ әлеуметтік нысандар кіреді.
Әлеуметтік нысандар қатарында 300 орындық вахталық қалашық, 60 пәтерлік тұрғын үй кешені, люкс класты қонақүй мен демалыс аймағы бар.
«Химиялық зауыттың құрылысы қомақты қаражат жұмсалумен қатар, түрлі деңгейдегі мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында болып жатыр. Жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі 1 миллиард АҚШ долларына жетеді. Біздің инвестициялаған барлық ресурстарымыз ақталып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың белсенді қолдауымен болашақ химия зауыты отандық фермерлердің тыңайтқышқа деген сұранысын барынша қанағаттандырып, елдің экспорттық әлеуетін арттырады деп сенеміз», — дейді «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің бас директоры Игорь Георгиади.
Өз кезегінде Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов химия зауытының ауданымыздың, Жаңатас қаласының және бүкіл облыстың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Еврохим» ЖШС-і – минералды тыңайтқыштарды өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Кәсіпорын шаруаларды ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және егін сапасын жақсартуға қажетті жаңа инновациялық тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді. Компанияның өндірістік активтері төрт континентте орналасқан, ал сату және тарату желісі бүкіл әлемде жұмыс істейді.
Қазақстанда «ЕвроХим» компаниясы Жамбыл облысында жұмыс істейді. Онда 550-ден астам адам жұмыс істейді. Жұмысқа негізінен Сарысу және Талас аудандарының жергілікті тұрғындары тартылған.