АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС

115

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кеңес төрағасы Жұманғали Құмғанбаевтың төрағалығымен өтті.
Кеңес отырысына аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.


Кеңестің 11 мүшесі қатысқан отырыста алдымен «Ауданның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы» аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың есебі тыңдалды.
— 2022 жыл шаруаға жайлы, аудан үшін табысты жыл болды. Сондықтанда негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын ауданымызда егін, мал шаруашылығында да жоғары жетістіктерге қол жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 64 млрд. 724,9 млн. теңге немесе 2021 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,1 пайызға жетті. 30530 га жерге дақыл егілді. Сондай-ақ 8750 га жерге күздік бидай, 20293 га жерге көп жылдық шөп орналастырылған.
Ауданда мүйізді ірі қара 51986, қой мен ешкі 366386, жылқы 19505, түйе 1047, шошқа 1650, құс 862081 басқа жетті. Ал бұл 2021 жылмен салыстырғанда мал басының анағұрлым өскенін білдіреді.
Ауданда тіркелген 9486 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 8279-ы істеп тұр. Жыл ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2621,4 млн. теңгеге 243 жоба қаржыландырылды.
Ауданымыздағы аудандық маңызы бар жолдар 96, елді мекен көшелерін жөндеу 92,3 пайызға жетті. Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы шақырымы 132,07 болса, оның ішінде Сарыкемер-Мырзатай, Жібек жолы-Жақаш-Көкөзек, Шахан ауылына кіре беріс жолдар бүгінгі таңда орта жөндеуді қажет етіп отыр. Аудандағы 43 елді мекен түгелдей газбен қамтамасыз етілді. «Ауыл-ел бесігі» жобасы бойынша 2 млрд. 113,7 млн. теңгеге білім саласында 3, денсаулық сақтау саласында 4, мәдениет саласында 2, жолдарды жөндеуде 11 жоба жүзеге асырылды.
2022 жылы аудан бойынша 15396,8 млн. теңгеге 87 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның 60-ы бюджеттік, 8-і ауыл шаруашылығы, 19-ы өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласы бойынша. Бюджеттік жобалардың нәтижесінде 140 адам тұрақты, 235 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы 1017,0 млн. теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 46 азамат жұмыспен қамтамасыз етілді,-деді аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы.
Аудан әкімі Б.Қазанбасов бұдан кейін ауданымыздағы білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы жыл ішінде атқарылған жүйелі жұмыстарға да тоқталып өтті. Сондай-ақ қоғамдық тәртіп, қоғамдық ұйымдардың жұмысы, басқа да әлеуметтік мәселелер назарынан тыс қалған жоқ.

Ауданда халықтың табысын арттыруға байланысты бұған дейін 4 ауылда пилоттық жоба енгізілсе, биылғы жылы бұған тағы екі ауыл қосылатындығы айтылды. Бүгінде осыған байланысты аталған екі ауыл тұрғындарына түсінік жұмыстары жүргізіліп, тиісті құжаттары дайындалып жатқандығын да аудан басшысы айтып өтті.
Аудан әкімі айтса айтқандай өткен жылы ауданда атқарылған жұмыс аз емес, әлі де болса істелетін жұмыстар бар.
Отырыста аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мырзағали Мәдімаров «Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар және денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық қамтамасыз етілу барысы туралы», ал Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбеков «Бурыл ауылдық округі аппаратының 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтер және басқа да функционалдық міндеттерін атқарудағы жұмыстары туралы» есеп берді.
-Ауданымызда,-деді М.Мәдімаров – 1 аудандық орталық аурухана, 1 аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 19 медициналық тірек, 6 фельдшерлік-акушерлік тірек аудан халқына қызмет көрсетеді. Өткен жылы бір-бірден терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, 7 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмысқа қабылданды. Жыл ішінде дәрігерлер 548974 қабылдау жасаса, олардың 215586-ы дәрігерге өздері ауырып келгендер. Одан бөлек 50694 адамға медициналық көмек үйлеріне барып көрсетілді. Жыл ішінде 5 оттегі концентраты аппараты, 1 парафин қыздырғышы, 10 көз қысымын өлшейтін тонометрлер алынды.
Аудан орталығында 250 келушіге арналған жаңа үш қабатты емхана пайдалануға берілсе, Абай, Байзақ, Түймекент ауылдарында 20-30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал күрделі жөндеу жұмысы Сеңкібай ауылындағы медициналық тірекке жүргізілді. Аудандық аурухана ғимараты құрылысына ЖСҚ дайындалуда. Биылғы жылы Жетібай, Дихан ауылдарында құны 9,5 млн. теңгелік жаңа дәрігерлік амбулаториялар соғылады деп күтілуде.
Аудандағы 12 дәрігерлік амбулаториялардың қызметтік көліктері ескі, тозған, жарамсыз. Сондықтанда облыстық денсаулық сақтау басқармасына автокөлікке сұраныс берілді.
Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбеков күн тәртібіндегі мәселе бойынша округтегі атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
Отырыста қаралған үш мәселеге байланысты аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері Қыдыралы Оралов, Жарқынбек Айтқұлов, Серік Ермековтер сөйлеп, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып өтті.
Аудан әкімінің есебін жоғары бағалап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға көңілі толған Қыдыралы Оралов аудан халқы көп жүретін «Сарыкемер-Қызыл жұлдыз», «Сарыкемер-Мырзатай» ауылдары арасындағы жолдар тақтайдай тегіс болып асфальтталса, халық көп шоғырланған Сарыкемер ауылындағы газ, жарықтың жиі өшуінің алдын алсақ деген ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы сол жерде «Сарыкемер-Қызыл жұлдыз» ауылы арасындағы жолға биыл тиісті қаржы бөлінгені, ал «Сарыкемер-Мырзатай»ауылдары арасындағы жол келесі жылы жөнделетінін, газ және жарықтың өшпеуінің алдын алу үшін жұмыс жасайтындарын айтты.
Жарқынбек Айтқұлов өз сөзінде дәрігерлік амбулаториялар алдындағы пандустардың талапқа сай еместігі, ауылдағы зертхана жұмысын жандандыру туралы сөз етті. Бурыл ауылындағы дәрігерлік зертхананың өз дәрежесінде жұмыс істемегендігінен ауыл тұрғындары «анализ» тапсыру үшін ауданға сабылып жүргені туралы да айтылды. Осы жерде М.Мәдімаровқа аталған зертхана жұмысын жылдамдатып ретке келтіру табысталды.
Серік Ермеков болса Бурыл ауылындағы жерлер өз дәрежесінде пайдаланылмай отырғанын ашына айтты. Кейбір жерлердің иелері ауылдан тысқары жерлерде тұратындығы, жер берудегі кемшіліктерге тоқталды. Ең бастысы – ауылдық округ әкімдерінің ауылға жандары ашуы керектігін жеткізді.
Қаралған үш мәселеге байланысты есептер назарға алынып, тиісті қарар қабылданды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, Сарыкемер ауылы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.