Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен көне шаһар Таразда «Қауіпсіз қала» шарасы қолға алынып, тұрғындардың қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлінуде. Бұл бастама қазір ірілі-ұсақты қылмыстардың алдын алуға көп септігін тигізуде.
Жақында аталмыш акция аясында түнгі рейд ұйымдастырылды. Шектен шыққандарды тәртіпке шақыратын кезекті рейдке полиция қызметкерлерімен бірге біз де шықтық. Әуелі полиция қызметкерлеріне қалалық ІІБ басшылық құрамы тиісті тапсырмаларын беріп, назар аударарлық мәселелерді тарқатып айтып берді. Сондай-ақ, қалалық жол-патрульдік полиция батальонының командирі Самат Хусаинов айналдырған екі күннің ішінде жол тәртібін бұзған 7 бірдей полиция қызметкері ұсталып, оларға хаттамалар толтырылғанын жеткізді. Сондықтан, ол қызметкерлеріне тәртіпті ең алдымен өздерінен бастауды тапсырды. Мұнан соң мамандардан рейд барысында қандай мәселелер туындап жатқаны сұралғанда, барлығы бірауыздан наркологиялық бөлімнің жұмысын көтерді. Олардың сөзінше, түнгі ауысымда бөлімде 1 ғана дәрігер жұмыс жасайды екен. Онда ер адамдарға 40, әйелдерге небәрі 4 қана орын қарастырылған. Сондықтан, құзырлы орган өкілдері түнгі ауысымда алкогольдік ішімдік ішкендерді тиісті орынға орналастыра алмай сарсаңға түсетіндерін жеткізді. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы уақытта алкогольдік ішімдікті шамадан тыс ішіп, полиция қызметкерлерінің қолына түсетін әйелдердің де саны артып кетіпті. Осындай түйткілдердің барын ашып айтқан экипаж мүшелері бұл мәселелерді біржақты шешіп беруді басшылық тараптан сұранды. Өз кезегінде Самат Қалиұлы тәртіп сақшыларының өтініштері қаралатынын айтып, орталық «Достық» алаңында велосипед, монопед тебетіндердің қарасы көбейіп кеткендігін, сол себепті, осы маңды жіті назарға алуды қызметкерлеріне жүктеді.
Бұдан кейін қалалық жол-патрульдік полициясының 20-ға жуық экипажы өздерінің аумақтары бойынша жолға шықты. Біз де полиция қызметкерлеріне ілесіп Қант зауыты аумағына қарай бет алдық. Көп ұзамай алғашқы тәртіп бұзушы назарымызға ілінді. Мұндайды қалт жібермейтін қырағы тәртіп сақшылары заң бұзушыны тоқтатты. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіге бірден хаттама толтырылып, 4 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Осыған ұқсас жағдай Жамбыл даңғылы мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында да орын алды. Жол талғамайтын көлікті тізгіндеген қала тұрғыны қауіпсіздік белдігін тақпағанынан бөлек, көлік салонының алдыңғы орындығына балабақша жасындағы балғынды отырғызып алған. Өзінің кінәсін мойындамай, біраз қиғылыққа салған жүргізуші пара беріп, кінәсін жуып-шаймақ та болды. Бірақ, құзырлы орган өкілдері оның мұндай қылығының заңға қайшы екендігін жеткізіп, хаттама толтырып берді.
Негізінен, біз мінген экипаж «Қазпоселок», «Қант зауыты», «Кірпіш зауыты», «Спирт зауыты», «Барысхан» және «Тектұрмас» аумақтарына жауапты болды. Жол-патрульдік полиция инспекторы Бақтияр Рахметбековтің айтуынша, айналдырған бір экипаж 5 аумаққа бірдей аздық етеді екен. Оған рейд барысында біз де көз жеткіздік. Мәселен, «Қазпоселок» аумағын аралап шығу үшін кемінде 1,5 сағат уақыт кетті.
– Осы салада жүргеніме 10 жылдан асты. Сондықтан, маған қаладағы жүргізушілердің жол жүру мәдениеті етене таныс. Әрине, көп заңбұзушылықтар көліктің қарасы азайған уақытта орын алады. Көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс асырып, көліктің тізгінін басқара алмай, оқыс оқиғалар орын алып жатады. Осы уақыттарда жұмыс қарқынын күшейтіп, барлығын бақылауға алуға тырысамыз. Күніне 5-6 жол апаты тіркеледі. Сондай-ақ, түнгі ауысымда тұрғындардан да қоңырау көп түседі. Оның басым көпшілігі, ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңдер. Осы сынды фактілермен бір ғана экипаж мамандарының айналысуы қиын. Дегенмен, қолдан келгенше аянып жатқанымыз жоқ, – дейді инспектор Б.Рахметбеков.
Жалпы, ауысымға түскен экипажға аумақтарды аралап, ондағы ойын-сауық орталықтарына міндетті түрде бас сұғып, видео мен фотоға түсіру де міндеттелген. Себебі, қылмыстардың дені осындай көңіл көтеретін орындарда тіркеледі екен.
Осылай экипаж мүшелерімен тілдесіп келе жатқанымызда, көлік рациясына жедел хабарлама түсіп, теміржолдың арғы бетіндегі Тастандиев көшесінде ішімдікке сылқия тойып алып, тәртіпке бағынбай жатқан заң бұзушыны құрықтау тапсырылды. Тиісті орынға тәртіп сақшыларымен бірге біз де жеттік. Көлігімен көшеде жүйткіп жүрген мас жүргізуші жалғыз емес болып шықты. Жанына айы-күні жетіп отырған жүкті келіншекті отырғызып алған. Жүргізушіні полицейлер күштеп тоқтатқанда оның бірде-бір құжаты болмай шықты. Сондықтан, оны қалалық №3 полиция бөліміне жеткізіп, жеке басын анықтағаннан кейін наркологиялық орталыққа жеткізілді. Онда жүргізушінің орта деңгейлі мас екендігі анықталып, көлігі айыптұрағына қамалды. Тұраққа бас сұққанымызда бір түнде тіркеуге алынып жатқан көліктердің аз емес екендігін аңғардық. Күзетші Арман Маликовтың айтуынша, мұнда күніне 10-12 көлік келеді екен. Оның көпшілігі айыппұлдарын уақытында төлемеген азаматтар.
Рейдте тағы бір көз жеткізгеніміз, Қ.Тұрысов көшесіндегі талайғы жыр болып келе жатқан сақалды құрылыс басына жастардың баруы әлі тиылмаған. Бүгінде өз-өздеріне қол жұмсауға әрекет ететіндердің орнына айналып бара жатқан ол нысанда осыған дейін орын алған екі жағдай ешбір жасқа сабақ болмаған секілді. Шара барысында қаңырап бос тұрған нысанның 5-қабатынан мектеп оқушылары ұсталып, оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Десе де, бұл сақалды құрылысқа жергілікті билік тарапынан жіті көңіл бөлініп, бір шара қолданылмаса, әлгіндей мектеп оқушыларының оқыс оқиғаға ұрынбасына ешкім кепілдік бере алмасы анық.
Осылайша, таң қылаң бергенше тәртіп сақшыларымен бірге жүргізілген рейдтік шара барысында сала мамандарының жұмысы түнгі ауысымда екі есе ауырлайтындығына көз жеткіздік. Дегенмен, құқық қорғау қызметкерлері тараздықтардың түн тыныштығын күзетуде әркез сақадай сай дайын тұр. Біз осыны көріп қуандық. «Қауіпсіз қала» акциясы аясындағы мұндай тексеріс жұмыстары жыл соңына дейін жалғасын табады.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ