ҒАСЫР ЖАСТАҒЫ АНАҒА ТАҒЗЫМ

305

«Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы»,– дегендей, дүниеде ананың балаға және барша азаматқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ. Ананың аялы алақаны мен жылы құшағын сезініп өскен сәбидің арманы бар ма? Өмірге тоғыз ай тоғыз күн көтеріп нәресте әкелген ана да бақытты емес пе?
Бүгінгі кейіпкеріміз өмірдің ащысын да, тәттісін де көріп, ғасыр жасаған абыз ана – Омарова Мәдина әжеміз 1923 жылы дүниеге келіпті.

Тау алыстаған сайын үлкейіп, оның асқақтығы мен заңғар биіктігі айқын көрінеді,–дегенді дана халқымыз қалай тауып айтқан десеңізші… арамызда жүрген қарттардың жанынан алыстаған сәтте ол кісілердің бойындағы шексіз махаббатты, шежіреге толы өткен өмірі жолын көргендей боламыз.
Мәдина ана: – Ата-анамыз адалдыққа, еңбекті сүюге, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелейді. Бойжетіп, енді еңбекке араласатын кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Жастық шағымыз ауыр еңбекке ұласты. Таңның атысы, күннің батысы Отан үшін, майдан үшін еңбектендік. Ауылдағы атқаратын барлық жұмыстарға араластық. Соғыс бізді тез есейтті. Талай күндерді көз ілмей атырдық, талай күндерді бел жазбай қарсы алдық,–деді сөзін жалғай.
«Тауға қарап, тау бола алмайсың, алайда аласа бола жүріп, таудай еңбек етуге болады. Расында Мәдина ана еңбектің тайқазанында қайнап, өмірдің қатпар қатпар қиындықтарын көріп, шыңдалмаса сағы сынбаған.
Бесағашта қолмен канал салуға қатысқан, қызылша еккен, диірменге бидай тасыған екен.
Бүгінде Мәдина ана өзін өте бақытты сезінеді. Сүйегі асыл анамыз 8 баласы, 27 немересі, 35 шөбересі мен 3 шөпшегінің тілеуін тілеп отыр.
Еңбек ардагері, зейнеткер анамыз шаңырағының тілекшісі, немере, шөберелерінің батагөйі.
Әже әлі тың, сөзі нық, бойын тік ұстап, айтар ойын анық жеткізіп отырған абыз анаға қарап, қажыр-қайраты таймаған әр күні тарих, әр сөзі шежіре болған аналарымыз аман болсын,–деген тілекпен қоштастық.

Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.