Алдағы жұмысты жүйелі түрде жүргізу мақсатында ауылдық округ әкімдерін жеке-жеке қабылдап, атқарылатын жұмыстың жоспарын қарадық. Ең алдымен аудан орталығы саналатын Төле би ауылдық округінің әкімін қабылдап, ауылға қатысты түйткілдер талқыланды. Дәлірек айтқанда, 20 мыңнан аса тұрғыны бар Төле би ауылын түрлендіру жолындағы жоспарлар түзіліп, ет және сүт бағытындағы шағын цехтарды дамыту мәселелері қаралды.
Сондай-ақ, аудан орталығына биылғы жылы салынатын ойын алаңшаларының сапасына мән беру, ағын су каналдары мен екі қабатты тұрғын үйлердің қасбетін ретке келтіру сынды түйткілдер сараланды. Одан бөлек, қараусыз қалған нысандарды мемлекет меншігіне қайтару, жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу және қоқысты ретке келтіруге байланысты мәселелер де күн тәртібінен түспейтін болады.
Сонымен қатар, аудан іргесіндегі Д.Қонаев ауылының әкіміне дәл осындай жоспарлы жұмыстарды жүргізу тапсырылды. Оған қоса, ауылдық жердегі кәсіпкерлерге мейлінше көмек қолын созып, сүт бағытындағы шағын цехтарды ашуға ниетті тұрғындарға қолдау білдіру керектігі айтылды. Тағы бір айта кетерлігі, Д.Қонаев ауылындағы негізгі мектепте оқушы санының көп болуына байланысты қосымша бастауыш білім ошағын соғу қажеттілігі туындаған. Аталған мәселе де жан-жақты зерделенетін болады. Ауылдарда қолға алынатын барлық жұмыстың сапасы қатаң бақылауда болатынын айта кеткен жөн.