Қатерлі дертке шалдыққан азамат інісін асырау үшін жұмыс істеп жүр

125

Алматылық Наурыз есімді 19 жастағы жігіт 4 дәрежедегі қатерлі ісігіне қарамастан інісін асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеп жүр. Қазақстандықтар жас жігіттің еміне 16 млн-нан аса теңге жинап берді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram-дағы парақшасында жазды.

Ескі жатақханада тұратын ағалы-інілі Наурыз бен Нұрәлінің арасы 5 жас. Автордың жазуынша, екі ұлын анасы 7 жыл бұрын тастап кеткен, ал әкесі соңғы 2 жылдан бері тек анда-санда ғана көрісуге келеді. Ол да басқа әйелмен көңіл қосқан. Наурыз жалғыз бауырын асырау үшін өз денсаулығы нашар болғанына қарамастан жұмыс істеп жүр.

«Наурыз таңғы 4-те кетеді. Автобуста контролер. Нұрәли мектепте. Наурыз әкесіне еш кінә артпайды.15 жасынан жұмыс істеп үйренген. Тезірек 18-ге толып, ер жетіп, аянбай еңбек етуді, ақша табуды, інісін киіндіріп, тойдыруды қалады. Үй аламыз, қыдырамыз, үйленемін деп армандады. Өкінішке қарай, тура 18-ге толғанда тамағында ісік пайда болды. Дәрігерлер басында грыжа деді, 6 айдан соң суық тиген деп емдеді. Асқынған кезде жаман ауру екенін білді. Өкінгенмен енді кеш…Қатерлі дертпен күресуге Наурызда күш те, мүмкіндік те жоқ.
Күннен күнге қолданатын дәрі-дәрмегі қымбаттап, дерт жанына батуда. Ауырсынуға уақыт жоқ, артында інісі бар. Түскі үзілісте тамақ ішіп әлдену орнына химия алуға барады. Одан тынығу қайдан, қайтадан жанталас», – деп жазды автор.


Әзірге Наурыздың ауруына алаңдап отырған жалғыз інісі мен көмек қолын созып жүрген жанашыр таныс әпкесі ғана. Анасы ұлының жағдайын естігенімен, әлі бірде-бір рет жағдайын сұрамаған.

«Маған еш нәрсе керек жоқ. Тамақ ішпеймін, киім кимей-ақ қойдым, ешқайда қыдырмаймын, телефон да алмаймын. Тек ағам тірі болса екен», – дейді інісі Нұрәлі.

Пост жарияланғаннан кейін қазақстандықтар жан-жақтан қаржылай ақша аударып, бүгінде Наурыздың еміне 16 млн теңгеден астам қаражат жиналды.

Журналистің сөзінше, қазіргі уақытта шетелдік клиникалармен байланыстар орнатылып, емге қатысты ақпараттар алынуда. Сондай-ақ Наурыздың мойнындағы кредиттеріне байланысты шоттары бұғатталғандықтан, әзірге шетелге ұшу мүмкіндігі жоқ. Бірақ қайырымдылықтан түскен қаражаттың көмегімен бұл мәселе шешілер деген үміттеміз дейді жазба иесі.

https://turkystan.kz/article/214885-katerli-dertke-shaldykkan-azamat-inisin-asyrau-ushin-zhumys-istep-zhur/

Leave A Reply

Your email address will not be published.