Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті деп хабарлады turkystan.kz.
Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған канадалық, 2019 жылғы АҚШ чемпионы Бьянка Андреескумен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар бір рет кездесіп, өткен жылы Е.Рыбакина Уимблдонда Б.Андреескуді 6:4 7:6 (7:5) есебімен ұтқан еді. Оған қоса биыл канадалық спортшы Әбу-Дабиде тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваға жол берген-ді.
Бұл жолы Елена матч басында брейкпен алға кетті – 3:0. Партия біткенше сол басымдылығын сақтады – 6:3. Есесіне екіншісінде Б.Андрееску брейкпен алға шықты – 3:1. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Тағы бір брейк – 5:4. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті. Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен кездеседі. Ол бастапқы кездесуінде 2020 жылғы Аустралия чемпионы, америкалық София Кенинді оңай ұтты – 6:1, 6:1.
https://turkystan.kz/article/214111-elena-rybakina-dubayda-aksh-chempionyn-zharys-zholynan-taydyrdy/