Биыл Жамбыл облысында 557,4 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мұрат Саурықов айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайхановтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде сала мамандары атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ 2023 жылы атқарылатын жобаларды атап өтті.
Өткен жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында 9,4 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 605,2 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Жалпы, өңірде 2022 жылы жол жөндеу бойынша 252 жоба іске асырылды.
Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 97 пайызды, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 82 пайызды құрады.
Биыл жол саласына 11,8 млрд. теңге қарастырылып отыр десек, 557,4 шақырым жолды орта жөндеумен қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 98 пайыз, елді мекен көшелері бойынша 85 пайызға жеткізу көзделуде.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды қатаң бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз ету үшін жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жамбыл облысының әкімдігі