Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми-инновациялық жетістіктері көрмесі өтті.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған көрмеде ЖОО ғалымдарының табысты ғылыми әзірлемелерімен қатар, студенттік стартаптар таныстырылды.
Мұнда келушілер назарына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚазҰАУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, «Ғылым қоры», Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Жану мәселелері институты, Зоология институты ғалымдары өз жетістіктерін ұсынды.
ҚазҰУ ғалымдары ұсынған жобаның бірі – бірнеше жылдық тәжірибеге сүйеніп жасалған топырақты мұнайдан тазартатын табиғи минерал. Жоба жетекшісі, Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессоры Ердос Оңғарбаевтың айтуынша, мұның ең басты артықшылығы – мұнай қалдықтарымен ластанған жерді соңғы сатысында тазарта алуында. Яғни, бұл әдіс топырақтағы мұнай мөлшері 5-10 пайыздан аспайтын жағдайда қолданылады. Әрі екінші рет ластануға мүмкіндік бермей, процесті басқаруға жол ашады.
Ал Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының ғалымы Өркен Мамырбаев қазақ тіліндегі дауыстық хабарламаларды мәтінге айналдыра алатын автоматты түрде тану жүйесін әзірледі. Бүгінде «Kazak ASR» зияткерлік жүйесін Telegram-да тексеріп көруге болады.
Сондай-ақ көрмеге «Ғылым қорының» ҚазҰУ-мен бірлескен наноматериалдарға негізделген қабылдағыштар, білім беру мекемелеріне арналған шағын ғарыш аппараттары бойынша жобалары, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «Қалалық жылу желісінің сандық егізі» жобасы, Зоология институтының «Қазақстан жануарларының Қызыл кітабын және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар бойынша электрондық деректер базасын әзірлеу» жобасы және өзге де 30-дан астам инновация қойылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды шара көрмеден соң «Университет ғылымының дамуы – Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарты» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
Алқалы жиында ЖОО ректорлары, ғылыми-зерттеу институтының директорлары, академик-ғалымдар, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар бас қосты.
Шараның ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі. Ғылым мен инновацияны дамытудың және Мемлекет басшысы айтқан әртараптандырылған, технологиялық экономиканы құрудың маңызын атап өтіп, министр университеттердің бүгінгі даму барысына тоқталды. Қазір елімізде шетелдік бес жетекші зерттеу университетінің филиалы ашылды. Университет ғылымын тұрақты қаржыландыру үшін 2023 жылы бес пилоттық оқу орнында эндаумент-қорларды ашу бойынша нысаналы капитал қорлары туралы жеке заң тұжырымдамасы және жол картасы әзірленді.
Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки еліміздің жоғары оқу орындарының негізгі жетістіктері туралы айтып, қойылған міндеттерге назар аударды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру үшін университетте «идеяны қалыптастырудан – оны коммерцияландыруға дейін» технологиялық дәлізі құрылғанын айтты. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың интеллектуалдық әлеуеті зор. Оқу орнында Қазақстан және әлемге іргелі ғылым саласындағы зерттеулерімен танылған беделді ғылыми мектептер бар», – деп атап өтті университет басшысы.
Қатысушылар озық тәжірибе алмасу, ғылыми ұйымдар мен университеттер ынтымақтастығын кеңейту қажеттігін қолдады. Сонымен қатар жиында жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау, ғылыми-технологиялық даму саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Содан соң екі күнге жоспарланған конференция жұмысы параллель секцияларға жалғасты. Онда «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру», «Ғылыми-технологиялық дамуды қамтамасыз етудің нормативтік-құқықтық базасы», «Инновациялық университет экожүйесі: технопарктерді, зерттеу хабтарын, инжинирингтік орталықтарды және бизнес-инкубаторларды іске асырудың сәтті кейстері» бағыттары қарастырылуда
https://turkystan.kz/article/211666-gylym-zhetistikterin-pash-etti/