БАСТЫ БАҒЫТ — АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН ҚОЛДАУ

194
«Қыс кетпеймін десе де, көктем жанын қоймайды» дегендей, бірнеше уақыттан кейін көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталып, егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жүргізіліп, шаруалар мол өнім алуға бағыт ұстайтыны белгілі.
Осы мақсатта, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен «Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы» облыстық филиалының төрағасы Дулат Сұлтанбековтің қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық және мемлекеттік қолдаулар» тақырыбында аудандағы шаруа қожалықтары мен тұрғындардың басын қосқан жиын болып өтті.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Аталған жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы биыл аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 14 мың гектарға артуы болжанып отырғанын атап өтті.
— Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында облыста дәндік және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, картоп, қант қызылшасын отырғызуға басымдық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға ағымдағы жылы қомақты қаржы қаралып отыр. Бұл қаржылар шаруаларға субсидия төлеуге, пилоттық жоба мен сүт тауарлы фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығы сияқты жобаларды іске асыруға жеңілдетілген несиемен беріледі. Одан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы»  сияқты  қаржы институттарының агросаланы дамытуға бағытталған бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар аясында да өңірдегі шаруаларға қолдау көрсетілетін болады,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаулар бағытында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы облыстық филиалының менеджері Алмаз Омаров, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы облыстық филиалының менеджері Таирбек Джаимбаев, «Эко Чикен» ЖШС-нің менеджері Мади Төребаев, «АлельАгро» ЖШС-нің коммерциялық директоры Дмитрий Медведев, «AgroGreen Tehnology» ЖШС-нің менеджері Оңалсын Аубакиров, «ПолиэтиленАгро» ЖШС-нің менеджері Бекнияз Қаржауов толыққанды ақпараттар беріп, жиын қатысушылары тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарды.

«Ауыл жаңалығы» — ақпарат. Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.