Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында министрлік жетекшілік ететін бағыттардағы жұмыстың қорытындылары мен басымдықтары талқыланды деп хабарлады turkystan.kz.
Цифрлық ведомство басшысы Бағдат Мусин 2022 жылғы жұмысты қорытындылады, сондай-ақ жетекшілік ететін бағыттардың басымдықтары және 2023 жылға арналған жоспарлар туралы айтты. Министрдің айтуынша, бүгінде проактивті қызметтер енгізілуде, олардың жалпы саны 40-қа жетті.
Проактивті тәсіл – «Invisible Government» тұжырымдамасын іске асыру кезеңдерінің бірі болып саналады. Ол дегеніміз, азамат үшінші тұлғалардың қатысуынсыз өмірдің барлық кезеңдерінде мемлекетпен өзара іс-қимыл жасай алады.
«Біздің стратегиялық міндетіміз – әрбір өмірлік жағдайды талдау, азаматтың нені бастан өткеретінін түсіну, кедергілерді жою және бәрін ыңғайлы әрі түсінікті процеске көшіру. Ол үшін фокус-топтар жиналып, нақты мемлекеттік органдар, CDO және т.б. ұйымдар тартылатын болады. Бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін оларды проактивті қызметтерге барынша ауыстыру жоспарлануда», – деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ министр өз сөзінде ХҚКО-ның сервистік қызметтерін оңтайландыру бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Қазір Қазақстанда 324 орталық бар, өткен жылы 14-і жаңғыртылды, биыл тағы 50-ін жаңарту жұмысы жоспарланып отыр. Таяу болашақта елімізде барлық ұйымдар орналасқан және қазақстандықтар мемлекетпен өзара іс-қимыл жасай алатын және қызметтерді бір жерден ала алатын азаматтарға ыңғайлы және сапалы қызмет көрсетуге арналған бірыңғай кеңістік – СуперЦОНдар пайда болады.
https://shanyraq.info/wp-admin/post-new.php