«Құқықтық көмек»: заңгерлер Мақат ауданында болды

133

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Атырау облысының тұрғындарын қабылдау жұмысы жалғасуда. Мәселен, Мақат ауданында белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған бір топ заңгерлер жергілікті тұрғындарды қабылдады.

Мәселен, 2017 жылы жеке шаруа қожалығының иесі Балтагүл Едігееваның 30 бас ұсақ малы ұрланыпты.

«Кейін полицияның араласуымен күдікті анықталды. Алайда ұсталған жоқ. Арада бірнеше жыл өткен соң жалғыз бас сиырым ұрланды. Үйіме ұры түсіп, материалдық шығын келтірді. Оны кім өндіріп береді? Әлі күнге дейін тиісті органдардан мардымды жауап алған жоқпын», – деді ол.

Өз кезегінде, Абзал Құспан бұл мәселе тереңірек зерттеп, толық сараптауды қажет ететіндігін атап өтті. Одан бөлек, аудандық прокурордың орынбасарына әр факті бойынша заң мен нормаларға сәйкес нақты жауап беруді ұсынды.

«Құқықтық көмек»: заңгерлер Мақат ауданында болды
Сондай-ақ заңгерлердің қабылдауына тұрғындар жалдамалы пәтерді жекешелендіру мәселесі бойынша ұжымдық арыз-шағыммен де келді. Олардың айтуынша, баспананы ескірген үйлердің орнына алыпты. Алайда жаңа пәтердің кемшілігі мен ақауы көп. Баспананы меншікке алмаған соң, олар жөндеу жұмысын жүргізуге құлықсыз болып отыр. Енді бір азаматтың айтуынша, қазір тозығы жеткен үйлерде өзгер адамдар тұрып жатқан көрінеді. Олар сот шешіміне сәйкес, мүлікке иелік ету құқынан айырылыпты. Заңгерлер мұндай мәселе өзге де аудандарға тән екенін айтып отыр. Алайда бұл жергілікті жерде шешілетін мәселе емес.

«Кезең-кезеңімен, алдымен облыс әкімінің деңгейінде шешіп көруге тырысайық. Егер ол деңгейде де шешілмесе, онда әрі қарай барамыз», – деді Абзал Құспан.

Қабылдаулар кезінде әкімшілік және азаматтық істерді жүзеге асыру барысында кемшіліктер бары анықталды. Бұған жеке сот орындаушыларының немқұрайлығы, әрекетсіздігі мен өз құзыретін асыра пайдалануы себеп болып отыр.

«Қазір жеке сот орындаушыларының салғырттығынан қарапайым тұрғындар зардап шегуде. Бұл жерде алимент төлеуден жалтаратын азаматтардың да кесірі тиеді. Мұндай әлеуметтік мәселелер тиісті шешімін табуы керек деп есептеймін. Егер қажет болған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет», — деді Абзал Құспан.

Партияның республикалық қоғамдық қабылдау орталығының 8-800-080-44-41 телефоны немесе жоғарыда көрсетілген телефондар арқылы қабылдауға жазылуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.