Ақшолақта-жаңа балабақша

162

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Ақшолақ ауылында «Мерей» жекеменшік балабақшасы ашылды. Биылғы «Балалар жылына» орай 50 орындық балабақшаны ауданымызға танымал кәсіпкер Артық Үкібаев өз қаржысына соғып, пайдалануға берді.
Балабақшаның ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сөз сөйлеп, жиналғандарды алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен, ауыл тұрғындарын жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады. Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан балабақшаны өз қаржысына бар жағдайын жасап, сапалы етіп соққаны үшін ілкімді азамат Артық Үкібаевқа алғысын білдірді.
Ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагері Қалмахан Бақтыбаев сөз алып, кейінгі жылдары ауылға көп жағдай жасалып жатқанына ризашылығын айтты. Бұған дейін ауылдағы балалар көршілес Жібек жолы ауылындағы балабақшаға тасымалданып келген. Ата-аналар үлкен жолды кесіп өтіп, онда балаларды тасымалдауда олардың қауіпсіздігіне алаңдап отыратын еді. Енді міне жеке кәсіпкер          А. Үкібаев әп-әдемі балабақша соғып бергеніне қатты қуанып отырғандарын жеткізді.
Балабақшаның ашылуына арналған лентаны аудан әкімі Б. Қазанбасов пен еңбек ардагері Қ. Бақтыбаев қиған бетте, жағалай шашу шашылды.
«Жақсыны көрмек үшін» демекші, жиналған жұрт аудан басшыларымен бірге ішке еніп, балабақша ішін аралап көрді. Балалардың ойнайтын, ас ішетін, ұйықтайтын, іс-шара өткізетін бөлмелерінің барлығы қажетті бұйымдармен жабдықталып, көз тартарлықтай өз орындарына жиналып қойылған екен. Арнайы қойылған 50 төсектен бөлек, тағы бір бөлмеге қосымша 10 төсек қойылыпты. Сөз арасында балабақша иесі А.Үкібаев балабақшаға келуге 40 баланың ата-анасынан өтініш түскенін айтып қалды. Сондай-ақ балабақша меңгерушісі, тәрбиешілер мен бала күтушілер, басқада жұмысшылар алынып қойылған. Олардың барлығы да осы Ақшолақ ауылынан екенін білдік. Демек, бірнеше азаматқа жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Балабақша меңгерушісі, әдіскері, медбике, ас дайындайтын асхана, кір жуатын бөлмелер бөлек соғылған. Оларда өздеріне қажетті жабдықтармен жабдықталған. Балабақша ауласындағы балалар ойнайтын 4 бастырма, басқада ойын алаңдары көз тартады. Бір сөзбен айтқанда жеке кәсіпкер                    А.Үкібаевтың «Мерей» атты жекеменшік балабақшасы ауыл халқына қатты ұнап отыр. Іші де, сырты да барлық талаптарға сай соғылып, жасалған. Көрер көзге тартымды, «аршылған жұмыртқадай» балабақша ауыл балаларына қызметтің жоғары сапасын көрсететініне сенуге болады.

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ,
Ақшолақ ауылы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.