СЕНАТОРЛАР АУДАНҒА КЕЛДІ

107

Ауданымызға жұмыс сапарымен  Парламент Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев келіп, бірқатар жаңадан соғылған әлеуметтік нысандарды аралап көрді.
Халық қалаулыларын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімінің салалық орынбасарлары қарсы алды.

Алдымен Сенат депутаттары Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген Көктал ауылындағы 600 орындық заманауи үлгідегі мектепте болды. Мектеп директоры Аят Сенбекұлы жаңа ғимараттың жай-жапсары мен тыныс-тіршілігі жөнінде баяндады. Сенат депутаттарына бүгінде аталған мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталғаны туралы ақпарат берілді.

Бұдан соң іссапар Сарыкемер ауылындағы 250 келушіге арналған орталық аудандық емхана құрылысымен танысуға жалғасты. Онда Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев жуық арада пайдалануға берілетін жаңа нысанның дайындық жұмыстарына куә болды.

Онда аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мырзағали Мəдімаров жаңадан орнатылған КТ, рентген және тағы басқа құрылғылармен жеке-жеке таныстырып өтті. Ғимарат 3 блоктан және лабораториядан тұрады. «А» блокта — фтизиатрия, функционалдық диагностика, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, консультациялық-диагностикалық, стерильді бөлімдер, күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия бөлімі орналасқан. Ал, «Б» блогында- жалпы практика бөлімі, жастар орталығы, пищеблок, кір жуатын орын қаралса, «В» блогында — әкімшілік, әйел консультациясы, алғашқы көмек көрсету бөлімдері, дәріхана қоймасы бар. Нәтижесінде, 100 уақытша және 263 тұрақты жұмыс орны құрылып, жылына 330 000 келушіні қабылдайтыны туралы айтты.
Сенаторлар осы жұмыстардың барлығы мемлекетіміздің тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстар екендігін жеткізді.

Жұмыс сапарының соңында Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев аудан әкімдігінің кіші залында қоғамдық қабылдау өткізді. Онда сарыкемерлік тұрғын Әбдіраман Тұрсынбаев біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жер мәселесіне қатысты өтінішпен келген. Өтініш иесіне заң талаптарына сәйкес жауап берілді.

«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.