Арайлықтардың мәселесі ескерусіз қалмайды

77

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Арай» алқабының тұрғындарымен кездесті. Жиында халық шаһар басшысына алқаптағы өзекті мәселелерді жеткізді.
Алқаптағы ең басты мәселе – мектеп жайы. Халық әкімнен салынып жатқан жаңа мектептің жай-күйін сұрады. Мектептің құрылыс аумағында қауіпсіздік мәселесі сақталмай тұрғандығын айтты.
Арайлықтарды қоғамдық көлік мәселесі де ерекше алаңдатады. Осы бағытқа жүретін №23 автобус саны аз. Тұрғындар таңертең балалар мектепке қатынайтын кезде сыйымдылығы үлкен автобус жүргізілсе деген базынасын жеткізді. Сонымен қатар кездесуде иесіз иттерді бақылауға алу, қоғамдық көлікке арналған аялдама, арнайы жол белгісі, жолға жасанды кедергі қою және спорттық алаң салу туралы сан сауалдар қойды.

Өз кезегінде қала әкімі алқапта мектеп құрылысы жүргізіліп жатқанын, жоспар бойынша келесі жылы тапсырылатынын, сонымен қатар қоршау мәселесі тез арада зерделеніп шешілетінін жеткізді.

Ал, №23 автобус қазір 8 кесте бойынша 15-20 минут арақашықтықта жүріп жатыр. Алайда халық сұранысын өтеу үшін арақашықтық 5-10 минуттан аспау керек. Қоғамдық көлікке қатысты өзге де мәселелер жиында барынша ашық айтылды.
«Арай» алқабына кіреберіс жолдары тар. Бұл мәселеде қала әкімі Саңырақ батыр мен Шостакович көшелері келесі жылы жоспарға сәйкес қайта жаңғыртылатындығын айтты. Қауіпсіздік талабы да ескерілетін болады. Жасанды кедергі мен жол белгісін қою туралы алдағы уақытта полицияға нұсқама беріледі.
Қаңғыбас ит мәселесі аталмыш алқапта өзекті күйінде тұр. Егер иттің иесі үш күнде анықталмаса, мамандар ұйықтату шарасын жүргізетінін және талапқа сай ауланатыны айтылды. Бұл туралы мамандар халыққа барынша ақпарат беруге тырысты.

Қала әкімі «Арай» алқабының тұрғындарына барлық мәселе заң аясында талапқа сәйкес шешімін табатындығын, мүмкіндігінше айтылған сын-ескертпелер, ұсыныстар, өтініш-тілектер қараусыз қалмайтынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Өз кезегінде тұрғындар шаһар басшысына жи кездесіп тұруға ниетті екендіктерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.