ОҚУШЫ АУЫЛ МАҢЫНАН ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАРДЫ ТАУЫП АЛДЫ

211
Жамбыл – тарихи елді мекендерге бай өңір. Мұнда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қала сілемдерімен қатар қараханидтер, түркі қағанаттары өмір сүрген кезеңнің, ерте темір, қола дәуірінен сыр шертетін жәдігерлері бар тарихи жерлер көп.
Соның бірі – ауданға қарасты Қаракемер ауылы. Бұл ауылдың тарихи маңызын 1938 жылы Жамбыл өңірінде археологиялық пунктін ашқан А.Бернштам мен Г.Пацевич зерттеп, ауылдың оңтүстік-батысына қарай 2 шақырым қашықтықта VII-XII ғасырда болған Адахкент қаласының орны болғандығын көрсеткен.
Сондай-ақ ауылдың өзі Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығы болғандығын да дәйектеген. Ауыл тұрғындары бұл жерден керамикалық ыдыстар мен тиындарды жиі табатын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сондай тарихи жәдігерді ауыл маңынан тапқан.
Қаракемер ауылының Төле би атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Еңлік Өміртай осы ауылдың тұрғыны. Бала кезден ауылдан табылған жәдігерлерді көзімен көріп өсті. Сондықтан да ол жастайынан археологияға қызығып, атасының бай кітапханасында сақталған тарихи кітаптардан, зерттеу жинақтарынан өзіне қажетті мағлұматтарды жинақтаған. Ал қазіргі жылдам ақпарат заманының негізгі құралы – интернеттің көмегімен көне жәдігерлерді білім деңгейі жеткенінше танып, оларға талдама жасауды да үйренуде. Ауыл маңынан тапқан қазынасы туралы Еңлік алдымен, тарих пәнінің мұғалімі Жазира Дубаеваға айтқан. Іздемпаз жас өлкетанушы мен ұстазы бұл тарихи жәдігерлерді тереңірек зерттеп тануды ұйғарып, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына арнайы барды. Орталық директоры, белгілі археолог ғалым Сауран Қалиұлы жәдігерлерді көріп, кездейсоқ табылған бұйымдар археологиялық тарихи дерек болып табылатындығын айтты. Археолог керамикалық қос құлақты құты ішінен табылған қоладан жасалған зергерлік бұйымдарды шамамен 9-12 ғасырға тән екенін айғақтады.
Сондай-ақ қыш құмыраның бояу ерекшеліктеріне әңгімелеген Еңліктің ізденісін Сауран Қалиұлы археолог ретінде жоғары бағалап, алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын бірлесе атқаратынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.