Облыс әкімі пайдаланусыз жатқан жайылымдарды қайтару жұмыстарын сынға алды

225

Биыл Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасымен мұқтаж жандарға 100-ден аса үй беріледі. Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша ағымдағы жылға жоба аясында 121 үй беру жоспарланса, бүгінге дейін оның 68-і пайдалануға тапсырылған.

Қалған үйлер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, 16 үйдің құрылысының биыл аяқталмай қалу қауіпі бар.

Облыс әкімі жұмысы сылбыр аудан басшыларынан жауаптар алып, жобаның маңыздылығын тағы бір ескертті.

— Осы жоба арқылы қаншама мұқтаж отбасы қамқорлыққа бөленіп, баспаланы болуда. Дегенмен, жыл басында өздеріңіз берген жоспарды өздеріңіз орындай алмай отырғандарыңыз – бұл бағытта үйлестіру шараларының жоқтығын көрсетеді. Басқарма тарапынан күнделікті бақылау байқалмайды. Әсіресе, Тараз қаласында үйге мұқтаж қаншама отбасы бар. Солардың мәселесін мемлекеттік бағдарламалардан бөлек осындай игі жобалар арқылы да шешуге мүмкіндік бар. Тек тиімді ұйымдастыра білу қажет,-деді Нұржан Нұржігітов.

Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша пайдаланусыз жатқан жайылымды жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының барысы қаралды.

Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан облыстық прокуратурамен бірлесіп елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 683 мың га жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған.

Мәселені жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде десек, ол туралы жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндады.

Нұржан Нұржігітов басқарма басшысының баяндамасына көңілі толмайтынын айтып, нәтиженің жоқтығын, талдау-есептің дұрыс жүргізілмей отырғандығын, салалық министрлікпен тығыз қарым-қатынастың орнатылмағандығын баса айтты.

— Тиісті басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Екі жылда атқарылатын шараларды өзіміз созып отырмыз. Игерілмеген жердің есебін қайта нақтылау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз байланыста жұмыс жүргізу маңызды.

Аудан әкімдері бұл мәселені көтергенде ғана қимылдай бастайды. Сосын олар өздері білмесе де, орынбасарларының жазып берген қате ақпаратын оқып беруге тырысады. Соның салдарынан мәліметтер сәйкеспей жатады. Жұмысқа деген мұндай көзқарастан арылу керек. Жұмыс күнделікті жүруі тиіс. Басқарма тұрақты бақылауда ұстауы қажет,- деген облыс әкімі басқарма мен аудандардың жауаптарын қатаң сынға алды.

Бұл бағыттағы жұмыстарға тиісінше көңіл бөлмеген бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларына тәртіптік шара қолданылатын болды. Айта кетейік, осы тұрғыда бұған дейін жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жер қатынастары басқармасының басшысына да тәртіптік шара қабылданған.

Нұржан Нұржігітов жиын қорытындысымен жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, өзінің орынбасары Қанатбек Мәдібекке оны бақылауда ұстауды тапсырды.

Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленбеген жағдайда алдағы уақытта бұдан да қатаң шаралар қабылданатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.