БАРЛЫҚ КӨШЕСІ АСФАЛЬТ АУЫЛ

773
Талай ауылдың бағына ашылған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты Қордай ауданының Кенен ауылына да келіп жетті. Былтыр аталмыш бағдарлама аясында бірден жеті көше ағымды жөндеуден өткен болатын. Байниязов, Белашов, Абай, Әзірбаев, Мажирин, Кәкетай және Сейітов көшелері тақтайдай тегіс асфальт жолға айналып шыға келді. «Аркантас» ЖШС қолға алған жұмыстар мерзімінде аяқталып, ауыл бір жырғап қалған. Биыл сол бастама жалғасын тауып, қалған көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Конкурста жеңімпаз атанған «Ақ Жол Сервис» ЖШС Жылыбаев, Қашағанов, Еспаев, Қордай, Несіпбаев көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүрігізіп, бір кездері шаңы аспанға шығып жатқан жолдарды жөнге келтірді. Қазір Кенен ауылында асфальт төселмеген көше қалған жоқ деп айтуға болады. Ауыл ауыл болғалы ешқашан асфальт болмаған Байниязов, Жамбыл, Еспаев көшелері тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе ауыл шетінен мектепке қатынайтын балалар, таңмен кішкентайларын балабақшаға жетелейтін ата-аналар үшін бұл өте қолайлы болып отыр.
-Соңғы екі жылда ауылымызда көшелерді ретке келтіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып шықты. Кенен ауылына қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар бағдарынан тыс қалдырмаған аудан басшылығына, жұмыстар жүргізіліп жатқанда түсіністік танытқан ауыл тұрғындарына айтар алғысымыз көп. Ендігі кезекте көлік жүргізушілер тегіс жолмен жүргенде жылдамдықты асырмай, заң талаптарын сақтап жүрсе, қауіпсіздік деген мәселеге мән берсе деген тілегіміз бар. Осының барлығы ауылымыздың игілігі үшін атқарылып жатқан шара деп білеміз, — дейді Кенен ауылдық округінің әкімі Нүркен Жаманкөзов.
Соңғы жылдары ауыз су жайы ретке келіп, жолдары жасалып, газдандыру жұмыстары қарқын алған ауылда жақсы жаңалықтар легі осымен тоқтамайды деген сенімдеміз.

Қордай ауданының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.