Жуалылық шаруаларға ағын су кедергісіз жеткізілді

288
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2030 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды тапсырды. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар баршылық. Дегенмен өңіріміз судың 80 пайызын көрші Қырғыз мемлекетінен алатыны белгілі. Көрші республикамен қатар қонған аудан диқандары тіршілік нәрінен талай жылдан бері тапшылық көріп келе жатқаны жасырын емес. Ағын судың дәл уақтысында берілмеуі көп жағдайда өнімнің шығымына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Тіпті кей жылдары шаруалар шаш етектен шығынға да батып жатады. Бірақ соңғы жылдары «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасы аясында каналдарды қайта жаңғырту бойынша басталған жұмыстар өз жемісін бере бастады.
Бүгінгі таңда ауданда су пайдаланушы шаруашылықтарға суды жеткізіп берумен «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы «Ақсай» өндірістік бөлімшесі айналысады. «Ақсай» өндірістік бөлімшесі 6347 гектар алқапты сумен қамтамасыз етуде. Атап айтсақ, оның 1990 гектары Ақсай, 1684-і Көксай, 1819-ы Теріс, 854 гектары Күркүреусу суландыру жүйесі бойынша ылғалдандырылуда.
Ақсай суландыру жүйесі 1979 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Суды Ақсай өзенінен алады. Ақсай магистралды каналы бетон лотоктан жасалынған. Оның ұзындығы – 12,24 шақырым. Магистралды каналдан кейінгі тәуліктік су реттегіштің (ТСР) су жинау көлемі 50 мың текшеметр. Тәуліктік су реттегіштің сол жақ тармағының ұзындығы 13,16 шақырым, канал темір-бетон жер асты құбырдан жасалынған, су өткізгіштігі 1 текшеметр, оның суын Ақсай ауылдық округінің тұрғындары пайдаланады.
Ал ТСР-дің оң жақ тармағының ұзындығы – 14,889 шақырым, бұл канал да темір-бетон, оның да су өткізгіштігі – 1 текшеметр, ол Көкбастау бағытында орналасқан. Ақсай суландыру жүйесі Ақсай, Мыңбұлақ, Көкбастау, Қарасаз және Б.Момышұлы ауылдық округтерінің шаруа қожалықтарының су пайдаланушыларын сумен қамтамасыз етеді. Биылдан басынан Ақсай суландыру жүйесі бойынша 98 шаруа қожалық келісімшартқа отырды. Бүгінгі таңда Ақсай каналы арқылы шаруа қожалықтарға секундына 600 литр су беріліп жатыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдерді әзірлеуді тапсырған еді. Бүгінгі таңда су ресурстарын тиімсіз пайдалану өзекті мәселе болып табылады. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар да жоқ емес. Атап айтқанда, Республикалық бағдарлама бойынша Евразиялық Даму Банкі арқылы қаржыландырылатын жобалар бар. Соның бірі – Ақсай суландыру жүйесі бойынша – 12,24 шақырым магистралды каналдың 5 шақырым бөлігіндегі бетон плиталарын толығымен ауыстыру. Осы жоғарыда аталған жұмыстар бойынша конкурс жарияланып Ақсай мен Тарақұл каналдарын – «Еламан» ЖШС ұтып алып құрылыс жұмысын бастап кетті. Жобалық жалпы құны 653,723 миллион теңге. Бүгінгі таңда каналдың 3 шақырымы жасалды. Салынып жатқан каналдың осъінің ауысуына байланысты құжаттары қайта рәсімделуде. Оған қарамастан құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда. Көксай каналының құрылысына жалпы 5,3 миллиард теңге бөлініп, каналдың құрылысы 2013 жылы басталып, 2015 жылдың аяғында салынып бітті. Жаңа канал жер астымен темір трубадан салынды. Канал бойында 18 жерден тамшылатып, жаңбырлатып суғаруға су бөлу құдықтары орналасқан. Оның ұзындығы – 22,5 шақырымды құрайды. Су өткізгіштігі – 3,5 текшеметр. Суғармалы алқап – 3500 гектарды құрайды. Оның 1500 гектар алаңды тамшылатып және жаңбырлатып суғаруға арналған. Канал жаңа үлгідегі жобамен салынып, онда электр қуаты тартылып, құрылым толық автоматтандырылған.
Магистралды каналдан кейінгі оның сол жақ тармағының ұзындығы – 14 шақырымды құрайды, канал жерден қазылып жасалынған. Су өткізгіштігі – 2 текшеметр. Онымен Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің су пайдаланушы шаруа қожалықтары егістіктерін ылғалдандырады. Магистралды каналдан кейінгі оң жақ тармақ ұзындығы – 5 шақырым. Канал бетон лотоктан жасалынған. Су өткізгіштігі – 1 текшеметр. Бұл каналмен Ақтөбе ауылдық округінің шаруа қожалықтары егістіктеріне су алып, алқаптарынан жақсы өнім жинауда.
Жыл басынан бері Көксай суландыру жүйесі бойынша 58 шаруа қожалық келісімшартқа отырып, су алуда. Бүгінгі таңда Көксай каналы арқылы шаруа қожалықтарға 900 литр су берілуде.
Республикалық бағдарлама бойынша Евразиялық Даму Банкі арқылы қаржыландырылатын жобалар бар. Атап айтсақ, Көксай суландыру жүйесі бойынша – 14 шақырым каналдың 4,5 шақырымын бетон плиталармен қаптау (облицовать), қалған 9,5 шақырымын механикалық тазалау көзделген. Осы жоғарыда аталған жұмыстар бойынша конкурс жарияланып Көксай мен Тихий каналының жобасын «Повлодарский порт» ЖШС ұтып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жобаның жалпы құны 944,317 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда каналдың 2,7 шақырымының құрылыс жұмысы аяқталған. Қалған каналдың 1,8 шақырымына Көксай каналы арқылы шаруа қожалықтарға су жеткізу науқаны жүруіне байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Канал құрылысына қажетті бетон плиталар ғана канал бойына тасымалдануда. Каналдың құрылысы су жеткізу науқаны тоқтағаннан кейін, алдағы айдың 20 қыркүйегінен кейін жалғасын табатын болады.
Тихий каналы 1948 жылдан бастап жұмыс істеуде. Канал жерден қазылып жасалған, ұзындығы – 6,9 шақырымын, су өтізгіштігі – 1 текшеметр, суғармалы алқап – 639 гектарды құрайды. Тихий каналынан Нұрлыкент ауылдық округінің шаруа қожалықтары су алуда. «Гамбург» және «Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестері тамшылатып суғару жүйесімен 389,9 гектар алқаты ылғалдандыруда. Биыл Тихий суландыру жүйесі бойынша 4 шаруа қожалық келісімшартқа отырып, оларға каналдан секундына 150 литр су босатылуда. Тихий каналына «Ақсай» ӨБ механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі таңда негізгі су тұтынушы – бұл ауыл шаруашылығы. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей ауыл шаруашылық экономиканы дамытудың драйверлерінің бірі соның ішінде суармалы жердің орны ерекше. Сондықтан да билік трансшекаралық өзендердің жағдайына барынша алаңдаушылық танытып, олардың құрылыс жұмысына мүмкіндігінше қарайласуда. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қолдауымен Көксай каналы шешімін тапса, мұндай қолдаулар өзге каналдарға да көрсетіліп келеді. Соның бірі Таракул каналы.
Таракул каналы 1935 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Канал жерден қазылып жасалынған, ұзындығы – 7,5 шақырым, су өткізгіштігі – 0,8 текшеметр, суғармалы аумақ – 392 гектарды құрайды. Республикалық бағдарлама бойынша 2021 жылы каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Каналды «Ақсай» ӨБ жұмысшылары қоқыстан, ұйықтан тазартып, қамыстарын өртеп су беру науқанына дайындаған болатын.
Ақмолда каналы 1960 жылдан бастап жұмыс істейді. Каналдың 6,5 шақырымы бетон латоктан жасалған және 5 шақырымы жерден қазылып салынған. Су өткізгіштігі – 1 текшеметр. Ақмолда каналының басы және басындағы бас қондырғысы Қырғыз Республикасында орналасқан. 2018 жылдың басында Ақтөбе ауылдық округі теңгерімінен «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына берілген. Бүгінгі таңда Қырғыз мемлекетімен су беру туралы келісім шарты болмағандықтан су беріліп жатқан жоқ.
Өткен жылы «Ақсай» ӨБ су пайдаланушыларға 27,50112 миллион текшеметр су жеткізіліп беріп, жоспарды 100,2 пайызға орындаған еді. Ал биыл бұл бағыттағы жұмыстар орындалып, жоғарыда айтқандай су пайдаланушы аудан шаруашылықтарына ағын су кедергісіз жеткізілуде.
Дәулет НҰРАБАЕВ,
«Ақсай» өндірістік
бөлімшесі басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.