Облыс әкімінің сала қызметкерлерін құттықтауы

139
Құрметті ауыл шаруашылығы,
тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері, сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Бұл күн – жер ананы идіріп, қырманды дәнге толтырған, ата кәсіп – мал шаруашылығын шалқытып, еліміздің және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың мерекесі.
Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы агросаланың дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған негізгі драйверлердің бірі.
Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді десек, бұл тұрғыда жамбылдық сала қызметкерлерінің де еңбегі елеулі, үлесі орасан.
Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы нәтижесінде облыстың өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі жақсарып келеді.
Ағымдағы жылы облыстағы агро-өнеркәсіп кешенін дамытуға 58 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, оның ішінде 31 млрд. теңгеден астам қаржы субсидияға бағытталды. 11 мыңнан астам шаруаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде бүгінгі күні ауыл шаруашылығында 526,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 39,5 пайызға артты.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрады.
Өңірдегі төрт түлік саны да өсіп келеді. Соңғы 2 жылда шетелдерден 3,0 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 26 мың бастан астам қой сатып алынды.
Жыл басынан бері 1242 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 10,1 пайызға жаңарды.
2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына бұған дейін 14 ауылдық округте жүзеге асса, тағы 10 округте дайындық шаралары басталды.
Бұл жұмыстардың барлығы өңірдің ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінің аса зор әлеуетке ие екендігінің айғағы және әрі қарай қарқынды дамуымыздың кепілі болмақ.
Осы жолда аянбай тер төгіп жүрген баршаңызға алғыс айта отырып, ел экономикасын еселеудегі еңбектеріңізге табыс, береке тілеймін!
Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман болсын!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.