БАЙЗАҚТЫҚ БЕЙІМБЕТ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

102

 

 «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Аққия ауылының тұрғыны  Бейімбет Бекберов баспаналы болды.

«Aқыл ата» мешітінің имамы Ахмет Кембаевтың бастамасымен, ауыл тұрғындарының демеушілігімен, асарлатып салынған үш бөлмелі тұрғын үйдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов арнайы келіп құттықтап, қоныс тойын атап өткелі жатқан шаңырақ иесіне игі тілегін жеткізді.  Мұнан соң сөз алған Жалғызтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалмахан Бекмаханбетов, Аққия ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірхан Өмірәлиев, ауыл тұрғыны Бестерек Бекберов, нағашы ағасы Қалыбек Мазбаев, Жалғызтөбе ауылдық округінің әкімі Нүркен Өнетаев ауыл тұрғындарына игілікті іске атсалысқандықтары үшін алғыстарын білдірді. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың ақ жаулықты аналары шашу шашқан соң, жиналғандар үйдің ішін аралап көрді.

Тұрғын үйдің мұқтажын көп көрген 2 ұл, бір қыздың әкесі  Бейімбет Бейбітұлын әңгімеге тартқан едік.

— Ұзақ жылдан бері баспананың мұқтаждығын көріп келдік. Жеке тұрғын үйіміздің болуын армандадық. Республика күні қарсаңында қоныс тойын тойлап отырмыз. Әке-шешемнің көзін көрген, қиын кезеңде қол ұшын беріп, жұртты сауапты іске жұмылдырған мешіт имамы Ахмет Жетпісбайұлына, қазыналы қарияларға, ауыл тұрғындары мен басшыларға айтар алғысымыз шексіз,-деді Бейімбет Бекберов.

 

 

 

Гүлшахар Ермұратова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.