Күн тәртібінде берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша ақпарат қаралды.
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде жол мәселесі, мәдениет және тілдерді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен саладағы өзекті мәселелер, «Neet» санатындағы жастармен жұмыс, мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы тақырыптары қозғалды. Әр тақырыпқа қатысты жауапты сала мамандары атқарылған жұмыстар бойынша ақпарат беріп, баяндамаларын ұсынды.
Мәселен, бүгінгі таңда аудан халқының саны 44 692 құраса, оның ішінде жастар саны 10 447-ге жетіп отыр. NEET санатындағы жастарды бос жұмыс орындарына тарту мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Сарысу ауданы бойынша 297 «NEET» санатындағы жастардың тізімі беріліп, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 125 жастың базасы (өзін-өзі жұмыспен қамтыған, әскерге кеткен, студенттер, жұмыс істейтіндер және т.б. санаттары) жасақталды.
Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек 52 жас отбасыға (197 адам) тағайындалса, 79 жас маман жұмыссыздар есебіне алынған. Жыл басынан NEET жастармен жүргізілетін іс-шаралардың жоспары бекітіліп, нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. 2022 жылы 1284 жас маман жұмысқа орналасқан.
Жамбыл облысы мемлекеттік жастар саясаты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы ауданымызда іске асуда. Аталған бағдарлама аясында 11 (рухани-адамгершілік, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық,діни, психологиялық, экологиялық, этносаралық, әскери – патриоттық) бағыт бойынша 689 іс-шара ұйымдастырылып, 7 800 жас қамтылды.
Ал, жол мәселесіне тоқталсақ, облыстық жолдарды күтіп-ұстауға ағымдағы жыл басынан Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Сарысу жолдары ЖШС-і келісімшарт жасалған. Нәтижесінде мердігер тарапынан тұйықта 200 тонна құм араласқан тұз дайындалып, 15 техника қамтылған.
Аудандық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмыстарына аудандық бюджеттен 4,7 млн теңге, Жаңатас қаласындағы жолдарды күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 2 150,7 мың теңге қаржы қаралған. Техниканың дайындығы бойынша 19 дана тахникаларға ауылдық округтердің тарапынан Меморандум жасақталған.
Сарысу ауданында жалпы 525,57 шақырым автомобиль жолдары бар, оның ішінде, облыстық маңызы бар – 271,8 шақырым, аудандық маңызы бар – 64,87 шқ жол /19 жол/, көше-жол желісі – 188,8 шқ.
2022 жылға «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қолдау тапқан 15 автожолға орта жөндеуге 218 347,6 мың теңге қаржы қаралған. Бүгінгі күнде барлық құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген.
Жергілікті бюджеттен 4 көше жолдарын (Ә.Бүркітбаев ауылы Бекпенбет көшесі, Ұ.Сыздықбай ауылы Баймаханов көшесі, Арыстанды ауылы Алиев көшесі, Досбол ауылы Шайдікәримов көшесі) орта жөндеу жұмыстарына 34 443,3 мың теңге қаржы қаралып, барлық көшелерде асфальт төсеу жұмыстары аяқталған.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне 2022 жылы 3 нысаналы индикатор көрсеткіштері бекітілген. «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін 61%-ға арттыру. «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде қазіргі уақытта 58% құрап отыр.
Биылғы 2022 жылдың 10 айында мәдениет саласы бойынша 2104 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 84279 көрермен қамтылған.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі