«Кәсіпті пандемия кезінде бастадым»: Шыңғысхан Қазақстан есімді отандасымыз Нидерландта кәсіп ашып, ісін жолға қойған
Нидерланд елінде велосипед тебетін халықтың қарасы көп. Сондықтан да жас кәсіпкерлер осы іспен айналысуды жөн көріпті. Ал олардың компаниясынан электрлі велосипедті жалға алу үшін тек арнайы қосымшаны жүктесеңіз жеткілікті. Сапар минутына 15 центті құрайды. 10 еуроға тәуліктік абономент сатып алуға болады. Айлық, жылдық карта да бар.
“Мұнда барлық жерде велосипедке арналған жолдар бар. Өте ыңғайлы. Алғашқы тұрағымызды пандемия кезінде аштық. Соңғы қаржымызды жұмсап Бизнес саябағында 10 велосипедке арналған орын дайындаған едік. Бірақ індеттен көшелерде адам болмай оларды ешкім қолданбады. Салдарынан командамызда Макс екуіміз ғана қалдық. Алғашқы бастамамыз нәтиже бермесе де, мойымадық. Көп ұзамай жобамызға инвестиция таптық”, – деді велошеринг стартапының негізін қалаушы Шыңғысхан Қазақстан.
Жігіттер инвесторларды әлеуметтік желілер мен ғаламтордан іздеген. Кейін Гаагада 40 велосипедке арналған тұрақ ашады. Қазір кәсіптері кеңейіп, жалға беретін велосипед саны 250-ге жеткен. Қарамағында 20 адам жұмыс істейді.
“Бізде велосипед сатып алғаннан гөрі осы қызметті пайдаланғанды жөн санайтын тұрғындар көп. Себебі олар велосипедті жөндеу, қуаттандыру сияқты мәселелерге бас қатырғысы келмейді. Оның барлығы біздің мойынымызда. Енді келесі жылы самокатты жалға беру қызметін іске қосамыз”, – деді Шыңғысхан Қазақстан.
Компанияда бұл іспен айналысатын арнайы қызметкерлер бар. Олар әр тұраққа барып велосипедтерді қуаттандырып, тексеріп отырады. Жастар қайырымдылыққа да көңіл бөледі.
“Біз қайырымдылық мақсатында ескі велосипедтерді жинаймыз. Содан кейін оларды жөндеп тұрмысы төмен отбасылардың балаларына береміз”, – деп қосты ол.
Шыңғысхан өзінің бизнесін Еуропа мен Азияның өзге де елдерін ашуды көздеп отыр.