Мұқтаж отбасы баспаналы болды

112
«Асарлатып үй салу» жобасы аясында «Аманат Сарысу 2050» қоғамдық қоры мен ауданның бір топ белсенді азаматтары бірігіп, Жаңатас қаласының тұрғыны, жалғызбасты анаға баспана сыйлады.
Пәтер кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орынбаев қатысып, қайырымдылыққа атсалысқан барша азаматтарға алғысын жеткізді.
Үйдің құрылыс жұмыстарына аудан тұрғындары, шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер барлығы 2,5 млн теңге жинаған.
Асар — ата бабамыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл — халқымызды мейірімділікке, ауызбіршілікке, қайырымдылыққа үндейтін дәстүр. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық әрі үлкен сауапты іс.
Айта кету керек, «Аманат Сарысу 2050» қайырымдылық қоры құрылғалы игі іс-шараларға қолдау көрсетіп келеді. Ғалымжан Ахметовтың жетекшілігімен мұқтаж жандарға азық-түлік таратылып, ақшалай жәрдем көрсетіліп, мешіт құрылысына да үлестерін қосып келе жатқан қордың «Сарысу Аманат-2050» қайырымдылық жәшігі Жаңатас қаласындағы ірі супермаркеттер мен азық-түлік дүкендеріне қойылып, бүгін де мол сауапқа кенелуде.
Бұған дейін қор тарапынан ағымдағы жылы үш баланың әкесі, мүмкіндігі шектеулі Ерлан Тұрғамбаев пен 63 жастағы зейнеткер Зина апайға пәтер кілті табыс етіліп, демеушілер тарапынан қажетті техникалармен қамтамасыз етілген болатын.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.