«Жырлайды ақындары өлкеміздің»

181

Сейсенбі күні Байзақ ауданындағы Ғани Мұратбаев гимназиясында Жамбыл жерінде туған ақындардың саф алтындай поэзиясын тыңдауға арналған «Жырлайды ақындары өлкеміздің» атты әдеби кеш өтті.

Кештің мақсаты: Оқушыларды ақындардың шығармашылықтарымен таныстыру, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу. Ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.

Әдеби кешті аталмыш оқу ордасының директоры Наметкулов Мұхит Жанұзақұлы ашып, қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұйымдастыруымен,  Байлиева Айнұр, Сатыпалдиева Алуа, Ерғалиева Асия секілді ұстаздардың атсалысуымен жоғары деңгейде өтті.

Оқушыларымызды тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздың ерлік пен елдік, бірлікті дәріптеген ақындардың жырын  жатқа оқуының өзі талай жайтты аңғартса керек.

– Кешті өткізу ойымызда көптен бері жүрген. Ұстаздарымыз  да бұл кешке тыңғылықты даярланды. Тіптен бүгінгі кештің өту барысының өзін өздері жазып шықты. Біз осы кеш арқылы шәкірттерімізге өлкемізден шыққан таланттар шығармашылығына терең үңіле отырып, сөз өнерімен өрнектелген әдемілік пен тарихи шындықты түйсіне білуге баулимыз. Ақындардың  шыншыл шығармалардағы адалдыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке шақырған сөздері арқылы адами қасиеттерді сіңіруді көздейміз, -дейді мектеп директоры.

Хәкім Абай атамыз атап өткен «Өлең –сөздің патшасы» екендігі бүгін анық дәлелденді. Неге десек, қай қоғамның болсын келбетін ешбір бұлтартпай бейнелетін ақын өлеңдерінің көбі мектеп оқушыларының орындауында оқылды.

Кешке республикамызға танымал айтыскер-ақын, Байзақ ауданының құрметті азаматы Қасымбекова Алтынкүл бастаған шығармашылық ұжым қонақта болды.

            Ақындық өнер –сөз өнерінің  аса қастерлі саласы,ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік  өлшемі,ұлттық әдебиеттегі  сезім мен сырға толы тамаша поэтик дәстүр мен ақын шабытының астаса келіп,өлең құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлемі.

Жамбыл өңірінде дүниеге келіп,өмірден ерте озған, бірақ жырлары әлі күнге дейін жасындай жарқылдап келе жатқан ақындар Тынышбай Рақым, Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов есімдері қазақ поэзиясында құрметпен аталады.

            Осы орайда Бауыржан Үсеновтың «Қара машина» өлеңін мектеп оқушылары Сарбатова Динара мен  Сапар Ақниет орындаса, Серік Томановтың  «У» өлеңін Қырықбай Салтанат нақышына келтіре айтып берді.

Өз буынына және өзінен кейінгі  буынға айрықша әсер еткен ақындардың ізбасарлары бұл күнде құдайға шүкір,баршылық. Өлеңде өзгеше өрнегі бар бұл күнде Республика көлеміне енді танылып келе жатқан жас ақындар  жырлары да осы кеште  Тұрар Аяулым,   Айдос Тураев, Омар Рамазан, Марсқызы Асел жатқа оқуымен көрініс тапты.

Тіптен қонаққа келген шығармашылық адамдары  кездесу сәтінен естеліктерімен бөлісіп, шығармашылық адамы қиялға, махаббат пен адалдыққа жақын болатыны, жүрегі жұмсақ, адамгершілігі мол жандардың жамандыққа бармасы басқа да кеш төңірегінде мазмұнды әңгімелер қозғалып, сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.

Оқушылар ақын өлеңдерін тыңдай отырып, жасынан өлеңді серік еткен ақын апа-ағаларымыздың шығармашылығынан біршама ой түйді.

Рухани азығы мол кеш 1 сағатқа созылып, шара аяқталысымен белсене қатысқан оқушыларға алғыс айтылды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дәл осындай тәрбиелік мәні жоғары кештерді өткеруді жоспарлап отыр.

 

Дариха Үмбетиярова

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.