Бүгін Талас ауданы Сәду Шәкіров ауылында асар дәстүрі жалғасып, үй берілді.
Үйдің лентасын аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен ақсақалдар алқасының төрағасы Мәдібек Мылтықбаев қиды.
Ел ынтымағының арқасында сатып алынған баспана қайта жаңарып, іші жылы лебізге толғанын көрген үй иесі Нұртілеу Мейірханұлы көпшілікке алғысын жеткізді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков сөз алып, жылы лебізін білдірді.
«Бүгін міне, ел бірлігінің бекемдігін байқатқан «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, құтты қоныс иесіне бақыт кілтін табыстайтын сәт келіп жетті. Бірлікпен жасалған еңбек еленіп, Сәду Шәкіров ауылының тұрғыны Нұртілек Мейірханұлына демеушілер есебінен сатып алынған баспана жөндеуден өтіп, кілті табысталғалы отыр. Жақынына жанашырлықпен қараған қазақ халқы ынтымағымен ырысын арттыратынын тағы бір рет көрсетіп отыр. Ең алдымен таудай талабымен тындырымды тірлік жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған барша жандарға шексіз алғысымды жеткізгім келеді» — деді.