Qazaqstan телеарнасы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай деректі фильм түсірді  

198

Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Халық жазушысы, журналист Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Бірегей» деректі фильмі эфирге шығады. Фильм жазушының туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданында түсірілген.

Деректі туындыда Шерхан Мұртазаның қаламгерлік қыры мен телевизия қайраткері ретіндегі болмысы кеңінен баяндалады. Талапты ауылындағы өзі тұрған үйден табылған, 1949 жылдан бастап өмірінің соңына дейінгі жазған хаттары мен күнделіктерінен үзінділер беріледі. Сонымен қоса фильмде Ш.Мұртазаның «Алтын қордағы» дауысы мен бейнематериалдар пайдаланылған.

«Биыл Шерхан Мұртаза негізін қалап, Qazaqstan телеарнасынан үздіксіз көрсетіліп келе жатқан «Таңшолпан» бағдарламасына 30 жыл толады. Бұл ұлттық арнаның ең ұзақмерзімді жобасы және отандық телевизия тарихындағы алғашқы таңғы бағдарлама. Мерейтойға орай Qazaqstan мен Abai tv арнасынан арнайы хабарлар көрсетілсе, Қазақ радиосында Шерхан Мұртаза апталығы өтеді», – дейді «Қазақстан» телерадиокорпорацисының Басқарма төрайымы Л.Танысбай.  

Деректі фильмде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, жазушы-публицист Уәлихан Қалижан, жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібай, Қали Сәрсенбай, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов, Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген және Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері мен туыстары еске алып, қаламгердің өмірі мен еңбек жолы жайындағы естеліктерімен бөліседі.

«Бірегей» деректі фильмі Qazaqstan телеарнасынан 28 қыркүйек 14:10-да, Abai tv арнасынан 19:00-де эфирге шығады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.