«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

408

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір-екі күн бұрын XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжіңге жұмыс сапарымен барып келді. Бұл – Мемлекет басшысының биылғы шетелге жасаған бірінші сапары. Осы жаһандық спорт додасы Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұның символдық мәні зор. Қытай халқы Барыс жылын үлкен қошеметпен қарсы алды.
Қазақстан Президентімен қатар Қытай астанасына 30-дан астам мемлекеттің басшылары мен үкімет жетекшілері, корольдер отбасыларының мүшелері мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері келді.
Бейжіңдегі ауа-райын айтар болсақ, күн ашық, қар жоқ, бірақ қара суық. Төрт жылда бір келетін спорт додасына халықтың қызығушылығы өте жоғары болды. Мәселен, тіпті дүкендерде Бейжің Олимпиадасының таңбалары бейнеленген кәдесыйларға ұзын-сонар кезек болып жатты. Жергілікті халықтың көзінен еліне деген мақтаныш пен зор қуанышты байқалды.
Қазақстан көшбасшысы Қытай астанасына 3 ақпан күні ұшып келді. Мемлекет басшысын әуежайдан ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй күтіп алды. Айтпақшы,  Қытайдың осы жоғары лауазымды дипломаты өткен Жаңа жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Сол кезде ол қысқы Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қытай Төрағасының шақыруын табыстады. Президенттің айтуынша, олар бір бірін шамамен 40 жылдан бері біледі. Екі құрдас өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Бейжіңде өте жақын араласқан.
Қазақстан делегациясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясына орналасты. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Цзинь әулетінің билігі кезінде император Чжанцзун мұнда балық аулайтын платформа салдырған. Резиденция атауы қытай тілінен аударғанда балық аулауға арналған террасса дегенді білдіреді. Содан бері резиденцияға «императорша балық аулау» атауы бекіп қалған.
Осы ретте бір нәрсені айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек «Дяоюйтай» резиденциясында ауқымды іс-шара күндері Ресей Президенті Владимир Путин мен Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан ғана тоқтады, ал өзге делегациялар қонақ үйлерге орналастырылды. Әрине, бұл қытай тарапының Қазақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көзқарасын білдіреді.
Бүкіл әлемде өршіп тұрған коронавирустың жаңа Омикрон штамы жағдайында Қытай билігі бұрын-соңды болмаған шектеу шараларын енгізді. Бұл хаттамалық шараларға да өзінің әсерін тигізді. Мысалы, белгіленген тәртіпке сәйкес Президенттің шетелдік сапарларын дайындау кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, Президенттің баспасөз қызметі мен Протоколының, сондай-ақ Президенттің іс басқармасының бірнеше қызметкерінен тұратын алдын ала баратын топ құрылады. Сол алдын ала баратын топ Мемлекет басшысының Бейжіңге баруына 1,5 күн қалғанда жетті. Осындай қысқа мерзімге қарамастан, аталған жұмыс тобы ҚХР СІМ жауапты қызметкерлерімен, күзет қызметімен бірлесе отырып, сапардың барлық хаттамалық мәселесін толығымен шеше алды. Біздің делегацияға қытайлық ұйымдастырушылар тарапынан ерекше қонақжайлық көрсетілді.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты «Құс ұясы» деп аталатын ұлттық стадионда өтті.  Бейжің – қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын өткізген жалғыз қала. Дәл осы стадионда 2008 жылдың тамыз айында жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев VIP қонақтарға арналған мінберден қазақстандық олимпиадашыларға қол бұлғап, қолдау көрсетті.  Президенттің жеке фотографы түсірген суреттердің бірінен спортшыларымыз шыққан сәтте Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның делегациясы біздің Мемлекет басшысына ерекше құрметпен қарағанын көруге болады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ілтипат білдірді.
Бұл басқа командалармен салыстырғанда біздің ұлттық құрамадағы спортшылардың әлдеқайда көп болуына байланысты болса керек. Біздің олимпиадашылар елімізге медальдермен оралады деп сенеміз.
Келесі күні, яғни 5 ақпанда Халық жиналысы үйінде Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.
Бұл — мемлекеттер басшыларының үшінші бетпе-бет кездесуі. Бұған дейін олар 2019 жылы қыркүйекте Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде кездескен еді.
Сонымен бірге осы уақыт ішінде мемлекеттер басшылары заманауи байланыс құралдары арқылы тұрақты хабарласып отырды. Бұл өзара ықпалдастықты жалғастыруға және нығайтуға мүмкіндік берді.
Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ілтипат білдіре отырып, құрметпен қарсы алды. Бұны екі елдің көшбасшылары арасындағы келіссөздің мазмұнынан да, одан кейін бірге суретке түсіп, аудармашысыз сөйлесіп тұрғандарынан да байқауға болады.
Мемлекеттер басшылары екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын нәтижелі келіссөз жүргізді. Қытай Төрағасы атап өткендей, бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашты. Достық әрі өзара түсіністікке негізделген кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қытай басшысы осы жылдың қыркүйек айында қазақ халқының қонақжайлығына куә болады деген үміттемін.

Қазақстан Президентінің жұмыс сапары ҚХР Төрағасының Олимпиаданың ашылу салтанатына келген делегациялар басшыларына арналған ресми қабылдауымен аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қабылдау барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелесті. Олар Мемлекет басшысының «қасіретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді.
Қабылдау аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайға бет алып, Қазақстанға ұшып кетті. 5 сағаттық жолда Президент Бейжің сапарынан алған әсерімен бөлісті. Мемлекет басшысы биылғы алғашқы шетелге жасалған сапарына көңілі толатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгерген әлемдегі санаулы көшбасшылардың бірі екені жалпыға мәлім. Кезінде Президент осы елде оқып, жұмыс істеген. Қытайдың мыңжылдық бай тарихы мен мәдениетін зерттеген. Мемлекет басшысының CCTV телеарнасына 2019 жылы берген сұхбатынан кейін журналистке естелік жазба қалдырғаны Қытай халқының әлі күнге дейін есінде екеніне сенімдімін. Си Цзиньпин Бүкілқытайлық халық жиналысының зәулім ғимаратында өткен келіссөздердің басында Қасым-Жомарт Тоқаевты «қытай халқының досы» деп атады.

Президент бүгінде Қытайды дамудың барлық көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына лайықты түрде қосылды деп есептейді. Қытай экономикасының әлемде екінші орында тұрғаны ешкімге құпия емес, сарапшылардың болжамы бойынша 10 жылдан кейін бірінші орынға шығуға тиіс. Қытай сияқты елмен көрші болу мемлекетіміз үшін артықшылық деп ойлаймын. Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік шекарасының ұзындығы — 1782 шақырым. Бірқатар мемлекет Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялап жатқан кезде достас елді қолдамау және оның ашылу рәсіміне қатыспау дұрыс болмас еді. Президент оң шешім қабылдады.

Берік Уәли,
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.