Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Имсталькон» Жамбыл металл конструкциялар зауытында және «Таразэнергоцентр» АҚ-да болып, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, басшыларының есебін тыңдады.
Облыс әкімі «Имсталькон» ЖМКЗ»-ның өндірістік нысандарымен танысып, олардың жұмысының маңыздылығын атап өтті. Зауыт өндірістік нысандарға, ғимараттарға, көпірлерге арналған металл конструкцияларын жасаумен айналысады. 2021 жылы зауыттың өнім көлемі 4334 миллион теңгені немесе 7415 тоннаны құраған. «Имсталькон» ЖШС директоры Александр Бердник өндіріс халықаралық стандарт талаптарына сай екенін жеткізді.
Кәсіпорында 302 адам жұмыс жасайды. Жалақы уақытылы төленуде, мереке күндері қызметкерлерге сыйақы берілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің жалақысы 10 пайызға өсті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетілуде. Өндіріс көлемін жыл сайын арттыру қажет. Зауытқа тапсырыстар көп болса, бұл жобаларға адамдар көбірек тартылады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын кәсіпорынға көмек көрсетуді тапсырды.
Александр Бердник өзекті мәселелердің бірі ретінде кадр тапшылығы екенін атап өтті. Білім басқармасына кәсіпорын басшылығымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын бекіту, дуальды оқытуды енгізу жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Өткен жылы зауытқа Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен заманауи гуманитарлық-техникалық колледжінің 11 түлегі жұмысқа орналасып, олармен кәсіпорын ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан.
«Таразэнергоорталық» АҚ облыс орталығындағы тұтынушылардың 80 пайызын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. ЖЭО 938 көпқабатты тұрғын үйге, 6 денсаулық сақтау нысанына, 60 білім беру нысанына және 231 бюджеттік ұйымға қызмет көрсетеді.
Кәсіпорында барлығы 398 адам еңбек етеді. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы 28 пайызға, өндірістік қызметкерлердің жалақысы 38 пайызға өскен.
Аймақ басшысы ел Президентінің тапсырмасымен 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий енгізілгенін еске салды.
– Негізгі міндет – жылумен тұрақты қамтамасыз ету. Жылумен қамтуға қатысты барлық шағымдар назарға алынуы керек. Сондай-ақ тұрғындарды жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз етуге уәде бергенімізді де естен шығармаңыздар. Қандай жағдай болмасын, бұл уәде орындалу керек. Дебиторлық берешекті азайту бойынша шаралар қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі.
Кездесулер барысында Бердібек Сапарбаев кәсіпорын басшыларына еңбек жағдайын жақсарту, жыл сайын жалақыны көтеру шараларын жүйелі жүзеге асыруды, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшыларына аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуді тапсырды.