Адалдық – ардың ісі

3 188

Адалдық… Осынау қасиетті де ауқымды ұғымның адам баласы үшін алар орны, атқарар қызметі орасан зор. Тек орнымен қолдан, қасиетті сөздің қадіріне жете біл! Сонда ғана бұл сөз өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай, мәні мен мағынасы арта түсері сөзсіз.
Атам қазақ «Ардың ісі — адалдық» деп адалдықты баяғыдан жоғары бағалағаны айтпаса да белгілі. Ендеше осынау қасиетті ұғым қазірде өз дәрежесінде, өз биігінде қолданылынып жүр ме?…
Қайдам… Бұған бір-ақ мысал аш қасқырдай жалақтаған «жемқорлық» деген пәлені қайда қоямыз? Бұл біздің күнделікті өмірімізге баса көктеп кіріп, жаппай қоғамның дертіне айналып бара жатыр ма? деп қаламын. Себебі кез келген жаңалыққа құлақ түрсеңіз еріксіз «пара алыпты», «пара беріпті» деген сөздермен қаласаңыз да, қаламасаңыз да кездесесің. Ойлап қарасақ, бұл күнделікті әдетке айналып бара жатқан сияқты.
Ай мен күннің аманында, ел ішіндегі тыныштық заманда адам баласының бұлай бұзылуына не жетіспейді екен деп бір сәт ойға шомамын. Ойлана келе, пенденің пендешілдігі шығар деп ойлаймын. Басқа айтар себебім жоқ сияқты. Болған үстіне бола түссе деген ашкөздік, байлығымды еселей түссем деген көрсе қызарлық осыған әкеліп отыр емес пе? Бұл — пенденің пендешілдігі емей немене. Алайда осының бәрін жеңер күш, ұлттық рух – адалдық деп білемін. Бойымызда осы қасиеттің сәл де болса ұшқыны болса, мұндай пенделікке салынып, бір сәттік дүние үшін өзімізге сеніп тапсырылған халық сеніміне селкеу түсірмес едік.
Меніңше, адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адамдық белгісінің өлшемі де осы. «Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Сол себепті де өзім сияқты өсіп келе жатқан еліміздің болашағына үлес қосар жастары осы сөзбен жастайынан танысып, мағынасына терең бойлап өссе екен деп ойлаймын. Бұл сөзді болашақ ұрпаққа тек айтып қана қоймай аға буын іспен дәлелдеп, бүкіл халық болып ұрпағының бойына сіңіре алса, еліміздің ертеңі нұрлы болып, табысы еселене түспек. Дүниеде әділдік пен
адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ. Жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиетті, ұлттық құндылықтарды қалыптастырып жүзеге асыруда мемлекеттің «Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру бағдарламасы бар. Онда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ар-ұят, абырой, жауапкершілік, адалдық, әділеттілік сияқты адамгершілік қасиеттерге ерекше көңіл бөлу қажеттігі көрсетілген. Сонымен бірге патриотизм, Отан үшін мақтаныш, қоғамдық тәртіпке құрмет, еңбексүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп, құқықтық негіздерді білу және құрметтеу сияқты жеке тұлғаның қасиеттерін дәріптеу ұсынылады. Осының негізінде атқарылатын іс-шараларды жоспарлауда өзіндік ой-пікір туындап, қоғамдағы келеңсіз жағдайлар ойға оралады да, адал ұрпақты Мәңгілік елдің кепілі ету жолында не іс атқарып жатырмыз деген ой мазалайды. Ұрпақты адалдыққа тәрбиелейтін орын мектеп екенін білеміз. Ендеше мектеп жасындағы балалардың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы рухани адамгершілік мәдениетті, санаға адалдықты қалыптастыруда атқарылып жатқан істер дәлел боларлық. Егер, жастайынан баланың санасына тазалық, жауапкершілік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік қағидаттарын сіңіретін болсақ, есейген кезде оның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасып, саналы өмір сүруге мүмкіндігі жеткілікті болады.
Шәкірттерімізді мектеп қабырғасынан осындай ізгі қасиеттерге баулитын болсақ, жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушіліктің қағидаты қалыптасатын болады. Мемлекетіміздің болашағы саналатын мектебіміздің белсенді оқушыларынан үлкен үміт адалдық күтеміз. Өз заңын құрметтепқастерлейтін, еліне шын берілген адал ұрпақ-болашақ Елдің кепілі болмақ. Ойымды қорытындылай келе,қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Саналы ұрпақ осыны ұғыну керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі атқарылатын әрбір іс ұрпақ бойына осы борышты сіңіруге үлес қосса деймін. Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда жалпы білім беретін оқу ұйымдарының азаматтары, қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеттері, қоғамдық бірлестіктер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы уәкілетті органдар және өзге де мемлекеттік органдар бірлесе отырып, сыбайластыққа қарсы тоқсауыл қоятын жұмыстар жүргізсе қоғамдағы келеңсіз індеттер тамыр жаймас па еді.
Біз баласын «Ала жіпті аттама» деп тәрбиелеген ұрпақтың жалғасымыз. Қоғам дертіне айналған «жемқорлықпен» қоғам болып бірге күресейік! Ел ертеңі — адал ұрпақ!

Лаура Нұрмаханова,

Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің директоры,

Сарысу аудандық мәслихатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.