Әлеуметтің жағдайы партия назарында

828
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жанындағы жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөнінде кеңес өткізілді. Кеңеске партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Бейсенқұлов, Тараз қалалық қоғамдық кеңес төрағасы С.Сейдәзімов қатысты. Отырыста мүгедектерге деген аудандардағы жағдай жасалуы қаншалықты, олардың жағдайын жасауда неге көңіл бөлуіміз керек деген мәселелер кеңінен талқыланды.
2021 жылдың 9 айында облыста «Мүгедектердің орталықтандырылған деректер қоры» ақпараттық жүйесі негізінде барлығы 45 661 мүгедек тіркелген. Оның ішінде ересек мүгедектердің арасында І топқа жататын – 4 125, ІІ топта – 17 646, ІІІ топта 17 210 адам бар. 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жалпы саны 6 680 бала. Біз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін әрқашан нысандарға профилактикалық бақылау жүргізіп отырамыз. «Nur Otan» партиясының үкіметпен бірлескен 2025 жылға дейінгі «Өзгеру жолы: әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында жол картасы әзірленген. Жол картасын іске асыру шеңберінде облыс бойынша ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және инфрақұрлымды жақсарту жұмыстары аясында 5 жыл ішінде 1 295 нысан қарастырылды. Биыл облыста жыл соңына дейін 258 нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық бейімделуі керек.
Бұл нысандар аудан әкімдерінің бақылауымен «Inva.gov.kz» бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Бүгінгі таңда бұл жүйеге 1 272 нысан енгізіліп, оның ішінде 255 нысан толық бейімделді, қалғаны жартылай бейімделді деп көрсетілген – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы А.Жаңабердіұлы.
Десе де бүгінгі таңда аудандарда бұл жөнінде істеліп жатқан жұмыстар тым қарқынды емес көрінеді. Шу, Талас, Сарысу
аудандарындағы құрылыс нысандарында мүгедектер кіріп-шығуға қолайлы жол жолақтары әлі де толық аяқталмаған. Кеңеске келген аудан әкімдерінің орынбасарлары жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отырғандарын жеткізді. «Мүгедектерге кедергісіз өмір сыйлау – біздің ар алдындағы міндетіміз» деген Сембек Сейдәзімов белгіленген нысандар жыл соңына дейін толығымен бітпеген жағдайда
партия атынан тиісті мекемелерге, жауапты мамандарға қатаң шара қолданылатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.