Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеуші сотталған азаматтар коронавирусқа қарсы “Спутник-V” вакцинасын салдырды.
Айта кетейік, екпе салдырмас бұрын мекемеге арнайы келген Тараз қалалық №4 емханасының медициналық қызметкерлері әрбір сотталған азаматтың дене қызуы мен қан қысымын өлшеп, міндетті медициналық тексерістен өткізді. Бұдан бөлек, тәжірибелі дәрігер, психолог, иммунолог, медбике сынды мамандар жұмыс істеді.
Жалпы, мекемеде коронавирусқа қарсы екпені 151 жазасын өтеуші қабылдады. Вакцина алғандардың арасында жанама әсер байқалмаған. Вакцинациялау жұмыстары ерікті түрде жүргізілген. Сотталғандардың хал-жағдайы бірқалыпты. Жазасын өтеушілерде індеттен қорғаудың әзірге жалғыз жолы – вакцина салдыру екенін жете түсінеді. Мекеме қызметкерлері тарапынан да тиісті деңгейде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.