Қоғамдық лекция өтті

298

Тараз қаласында кезекті қоғамдық лекция өтті. Бұл жолғы тақырып «Рухани жаңғыру отбасынан басталады» болды. Қоғамдық лекцияны «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев оқыды.

Лектор С. Қалиев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қарапайым отбасында қандай рөл атқаратындығы туралы айтты. Елбасы бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берген түсінігін негізге ала отырып, көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес екендігін айтты.  «Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік. Отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықтарын сіңіретін тәрбие ошағы. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттері ең алдымен, дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу болып табылады» — дейді қоғамдық лектор.

Әлемде болып жатқан пандемияға байланысты лекцияға әдеттен аз адам қатыстырылды. Дегенмен, лекция басқарманың instagram және facebook әлеуметтік желілеріндегі парақша арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

Әлеуметтік желі қолданушыларынан сұрақтар қойылып, ол сұрақтарға қонымды жауаптар берілді. Сонымен қатар, лекция соңында қатысушылар С. Қалиевпен естелік суретке түсті.

Қоғамды қалыптастырушы «Қоғамдық лекция» жобасы бірінші күннен-ақ өз көрерменін тапты. Сол күннен бері әр түрлі сала қызметкерлерімен 10-ға жуық лекция өткізілді. Алдағы уақытта да бұл жоба өз жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.