Еліміздің бас қаласы – Елорда күні қарсаңында Қордай ауданында елеулі оқиғалар орын алды. Қаракемер ауылында көптен күткен дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу болып, ағайынды құттықтап, қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Рүстем Дәулет арнайы барып, лентасын қиды.
Ауылдастарына осындай тамаша сыйды белгілі меценат, «Отау Строй» ЖШС бас директоры Қайрат Молдасейітов жасады. Осыған дейін Қаракемерде мешіт, спорт кешені және өзге де әлеуметтік нысандар ашып, жерлестерінің батасын алған азамат енді осындай ізгі іс істеп, көпшіліктің алғысына бөленуде.
-Бүгінде елімізде әрбір азаматтың денсаулығын нығайтуға, қорғауға барынша жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде еліміздің барлық аймақтарында заман талабына сай медициналық орталықтар мен ауруханалар бой көтеріп, жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмектер көрсетілуде. Басқа өңірлерімен қатар біздің ауданымыздың да медицина саласының еңсесі көтеріліп, жағымды жаңалықтарымыз көбеюде. Соның бір айғағы биылғы жылы 3 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатса, 2-і жаңадан соғылуда. Бүгін міне, Елорда күні мерекесі қарсаңында туған жеріне тарту жасаған жеке кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен 20 келушіге арналып соғылған дәрігерлік амбулатория ауылдарыңызда қолданысқа берілгелі тұр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халық жүрегіне жол тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында іске асқан бұл жұмыс жалпы халық көңілінен шығатыны анық, — деген аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы амбулатория ұжымының жұмысына табыс тілеп, Қайрат Молдасейтовке арналған Құрмет грамотасын ауыл әкіміне аманат қылып тапсырса, құрылыстың басы-қасында болып, аяғына шыққанша қадағада ұстаған Әлімтай Молдасейітовке Алғыс хат ұсынды. Осыдан кейін сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаев ақсақал ауылдастарын құттықтай келе жомарт азаматтар мен аудан, облыс басшылығына алғысын білдіріп, «бас ауырып, балтыр сыздағанда» жерлестері өз ауылынан сапалы медициналық көмек алатынына қуанышты екенін айтты.
Осыған дейін ескі ғимаратты паналап келген медициналық қызметкерлердің қуанышында шек жоқ. Оның үстіне қазіргі пандемиямен күресте осындай жаңа нысандарда сапалы қызмет көрсету де жеңіл болмақ.
Ашылу салтанаты барасында амбулаторияның аға дәрігері Урмат Абыловқа символикалық кілт табыс етіліп, одан кейін ауыл үлкендерімен біррге аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы медициналық нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Заман талабына сай жасалған ғимарат медициналық жабдықтармен толықтай қамтылған. Қажетті бөлмелер мен процедуралық кабинеттері қаракемерліктерге қызмет көрсетуге дайын.