Теміржол бойында тәртіп те, тазалық та жоқ

1 094

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын аумағы кеңейіп, көркейіп келе жатқан Тараз қаласының ажары оның тазалығына да байланысты. Облыс орталығының таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан, тазалық мәселесі алдыңғы орында.

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Тұрғылықты жерді ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Қоршаған ортаны таза ұстауға әрбір мекеме, тіпті жекелеген тұрғындар да жауапты. Дегенмен, өз ауласының ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Сондықтан болса керек, көбіне қаланың шеткері аумақтары назардан тыс қалып жатады. Ал, қалаға сырттан келген қонақтардың көзіне түсетін сол аймақтар. Яғни, былайғы жұртшылық кіреберістегі көрініске қарап-ақ, шаһардың даму қарқыны мен халқының мәдениетіне баға береді.

Расында да, тоғыз жолдың торабында жатқан өңірімізге келіп-кететіндер көп-ақ. Соның бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізімен қатынаса, қаланы қиып өтетін темір жолдың да стратегиялық маңызы зор. Шығыс пен батысты жалғап жатқан шойын жолдың бойындағы тіршілік өткен ғасырдан еш толастаған емес.

Алайда, бүгінде сол теміржолдың бойындағы тазалық көңіл көншітпей отыр. Шаһарға кіреберіс саналатын «Қант зауыты» мен «Кірпіш зауыты» аумақтарында теміржолдың жиегінде жиылған құрылыс заттарының қалдықтары қала көркін қашырып тұр. Сондай-ақ, шойын жолды жағалай өскен жабайы талдар да жұрттың назарын еріксіз өзіне аударады. Қаптаған қалың қамыс та көзге оғаш көрінетін­дей. Әрине, мұндай көріністер қала үшін сын.

Осындай мәселелерді алға тартып, қаланың «Қант зауыты» аумағына жауапты №4 аумақтық-округтің бас инспекторы Бекзат Болатбековке хабарластық. Оның сөзінше, тұрғындардың құрылыс заттарының қалдықтарын тастауға сондағы көмір қоймасының басшысы рұқсатын берген көрінеді. Бірақ, бас инспектор бұл мәселенің қала келбетіне кері әсер ететіндігін ескеріп, жергілікті полиция қызметіне хат та жолдапты. Осылайша, жауапты мамандар көмір қоймасының қожайынына құрылыс заттарының қалдықтары тау болып жатқан аумақты қоршауды міндеттеп, арнайы уақыт та беріпті.

Сондай-ақ, мұндай жағдайды Тараз-Алматы тас жолы жиегінен де байқауға болады. Онда тас жол мен темір жол аралығына жеке кәсіп иелері сол баяғы құрылыс жұмыстарынан артылған заттарды бей-берекет төге берген. №4 аумақтық-округтің бас инспекторы Б.Болатбеков бұл жағдайға «Амбрела» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол бергендігін қынжыла жеткізді. Дегенмен, тірлігі тұралап тұрған серіктестіктің басшысы Данил Тутушов есімді азаматқа аумақты қоршауды тапсырған екен.

– Аумақтағы тазалық шараларына әрдайым көңіл бөліп отырамыз. Оның ішінде темір жол жиегіндегі жағдай да басты назарда. Бірақ, шойын жолдың жиегінен 30 метр қашықтыққа дейінгі аймақ бізге қарамайды. Тек аталған қашықтықтан бері қарай біз жауап береміз. Расында, аумақта бірді-екілі тазалыққа бей-жай қарап отырған жеке кәсіпкерлер бар. Соның бірі «Амбрела» ЖШС-і. Оның басшысы біздің ескертуімізді ескеріп, өзіне тиесілі аумаққа қоршау жұмыстарын жүргізе бастаған болатын. Бірақ, өзі Мәскеу қаласына жол жүріп кетуіне байланысты ол жұмыстар тоқтап қалды. Жұмысшыларына бастаған істерін аяқтауды ескертсек, басшыларының жоқ болуына байланысты құрылыс материалдарын ала алмай отырғандарын айтуда, – дейді №4 аумақтық-округтің бас инспекторы Б.Болатбеков.

Жоғарыдағы мәселені назарға алып, «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ – «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» облыстық филиалы директорының орынбасары Әділ Түсіповке хабарласқанымызда, ол бұл салаға бас инженер Анатолий Кимнің жауап беретіндігін жеткізді. Ал, бас инженер тазалық шарасына өзінің ешқандай қатысы жоқтығын тілге тиек етіп, таңдай қақтырды. Сөйтті де, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл магистралдық желі бөлімшесінің бас инженері Жұмағали Урсаровқа сілтеді. Алайда, аталмыш азамат не қызметтік, не ұялы телефонның тұтқасын көтеріп, жауап беруге жарамады. Темір жол саласының мамандарына хабарласқандағы мақсатымыз, оларды сынап-мінеу емес, жұмыс барысына қанығу еді.

Осы тұста айта кететін жайт, жақында қаланың шығыс қақпасы маңындағы жағдайды реттеу мақсатында облыс орталығының басшысы Ғалымжан Әбдірайымов пен Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев жауапты мамандарымен бірге кездескен болатын. Олар күрежол мен теміржол бойындағы тазалық шараларының шешілуіне назар аударып, өздеріне тиесілі аумақты нақтылап алған еді. Содан бері көп уақыт өте қоймаса да, қала тарапы жол бойында заңсыз орналасқан контейнерлерді алдырып тастаған. Сондай-ақ, бірқатар жеке тұрғын үй иелеріне ескерту беріп, қора-қопсысының тазалығын реттеу тапсырылыпты. Өз кезегінде Байзақ ауданы басшылығының тарапынан да күрежол мен шойынжол аралығындағы бірқатар жерлер тегістеліп, кейбір тал-дарақтар бұталған. Дегенмен, сол ағаштардың бұталары теміржол бойында оңды-солды шашылып жатыр. Оның себебін, Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев сондағы бір тұрғынның «Бұталарды жинап аламын» деген өтінішімен байланыстырды. Бірақ, ол тұрғынның жақыны қайтыс болып, аумақты дер кезінде тазалай алмай жатыр екен.

Жалпы, шаһар тазалығы үшін қала әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңшалары қаланың келбетін ажарландырып, тұрғындардың игілігіне жұмыс жасауда. Бірақ, тоқмейілсуге әлі ерте сияқты.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.