Қанатқақты жобаның қайыры мол

377

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың мұрындық болуымен іске қосылған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына облыстың он ауданынан 11 ауылдық округ қатысуда. Оның ішінде, Байзақ ауданында екі ауылдық округ қамтылған. Бұл облыс орталығымен іргелес жатқан аудандағы еңбек етіп, тұрмысын түзеуге ниеттілердің көптігін байқатса керек.

Жалпы, Байзақтағы қос округте де оң серпіліс байқалады. Оны баспасөз турымен барған іссапарымызда анық байқадық. Баспасөз өкілдері қос ауылдық округте де болып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ондағы сапарымыз «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысудан басталды.
Аудандардың ішінде Байзақта халық тығыз орналасқандықтан да мұнда жайлым мәселесі күрделі күйінде қалып отырғаны белгілі. Округте жаңа құрылған кооператив ең алдымен жемшөп мәселесін шешуді қолға алыпты. Қалай дейсіз ғой?!
Кооператив төрағасы Закир Муминовтың іскерлігі атқарып жатқан жұмысынан ақ байқалып тұр. Ол жаңа қожалыққа берілген жер телімін қоршап, техника паркін жасақтау үстінде. Өткенде лизинкке алған 3 трактор мен ауыл шаруашылығы тіркемелерін ретімен орналастырған. Парктің бір бұрышынан екі 40 тонналық контенер орнатып, ішіне гидропоника құрал-жабдықтарын орналастыруда. Оған қажетті құрал-жабдықты Алматы қаласынан 5 миллион 700 мың теңгеге сатып алыпты. Аптасына 3 тонна жасыл шөп дайындалады екен. Ал тәулігіне 65 бас мүйізді ірі қараны азықтандырмақ.
— Бұл жұмысты жаңа қолға алдық. Мал азығын осылай шешуді ойластырудамыз. Бұл қондырғыдан күніне 600 килограм жасылшөп дайындалады. Әлі осындай тағы бірнеше қондырғы қою жоспарымызда бар. Техника паркін жасақтап алсақ, алда кооператив мүшелерінің жемшөп мәселесін шешуге, үй іргесіндегі жер телімі мен ауыл сыртындағы егістік жерлерін тиімді игеруге көмектесетін боламыз, — деді кооператив төрағасы.
Округ әкімі Дәурен Тәжібековтың айтуынша, жобаның екінші бағыты бойынша мал алуға 200 тұрғын өтініш беріпті. Қазіргі таңда 112 адам «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамынан несие алған. Олар 1800 бас мал алулары керек болса, бүгінде алынғаны 620 бас мал. Осының есебінен округте аз қамтылған отбасылардың саны 146-дан 2-ге бірақ құлаған. Қалғандары жоба аясында несие алып, өздерін жұмыспен қамтыпты.
Биыл әкімдікке әлеуметтік көмек алуға 2-і отбасы ғана өтініш беріпті. «Бұл жобаның нәтижесі. Ел жеке кәсіпке ден қойудың арқасында халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Жобаның жемісін алда бірге көреміз деген сенімдемін», — деді ол.
Осыдан кейін ет бағытында мүйізді ірі қара алып, бордақылауға қойған жеке кәсіпкер Бекен Әбдіқадыровтың шаруасымен таныстық. Ол 4 миллион теңге несиесіне 15 бас бұқа, оған қажет жемшөбін алыпты.
— Бұқаларды 4-5 ай бордақылап, етке өткізем. Содан кейін орнына басқасын алып, бордақылаймын. Осылайша жылына үш қайтара бордақы ұстап, отбасыма табыс кіргізсем деген жоспарым бар, — деді ол.
Келесі кезекте Түймекент ауылдық округіне соғып, ондағы жұмыстың барысымен де таныстық. Бұл округ қанатқақты жобаға соңынан 11-ші ауылдық округ болып енгізілгендіктен де несие алғандар мұнда аз екен. Округ әкімі Қанат Смағұловтың айтуынша, жобаға 256 алуаны тарту жоспарланыпты. Қазіргі таңда 225 аула жобаға қатысуға өтініш берген. Бірінші бағыт бойынша 2 жылыжай, бал омартасы мен наубайхана ашу жоспарланған. Екінші бағыт бойынша 39 адам несие алған. Бүгінге 37 бұқа, 11 жылқы, 42 бас қой алыныпты. Ал жоспар бойынша 310 бас мүйізді ірі қара, 545 жылқы, 1084 бас қой алынуы керек. Округ мына қарқынмен бұл жоспарды орындай қояр ма екен деген сұрақ қалды көкейде.
Онда мал бордақылап отырған екі үйге соқтық. Жеке кәсіпкер Бейбіт Бақбергенов 3 миллион теңгеге 10 бас бұқа, ал Бахтияр Дауымбаев 3 миллион 480 мың теңгеге 6 бұқа, 4 сиыр сатып алған. Қос азамат та мал басын көбейтіп, осы кәсіпті күн көріс көзіне айналдырмақ ниетте. Бірақ алдыңғы ауылдық округке қарағанда мұнда жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстың баяулығын аңғарылып тұрды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.