Шу ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Далақайнар ауылында тұратын көпбалалы отбасына үй сыйға берілді. «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Жарылқасын Айтақовтың бастамасымен қолға алынған игі іске аудан кәсіпкерлі демеушілік көрсеткен.
Көпбалалы жанұяға пәтер кілтін табыстау салтанатында аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, қуаныш иелерін құттықтай барған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Найман Сұлтанбаев отбасына тұрмысқа қажетті бұйымдарды сыйға тартты.
Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген Томпа әулетінің бүгінде 7 баласы бар. «Енді міне меншікті үйіміз бар» -деп қуанып отырған отбасы мүшелері қайырымды шараның ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды. Жұбайы орыс ұлтынан болғанымен, жолдасы Андрей Томпа венгр ұлтының өкілі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Далақайнар ауылында тұратын отбасы жергілікті тұрғындармен туған-туысындай араласып кеткен. «Ата-анам осы ауылда тұрып, осы жерде өмірден озды. Мен де осында дүниеге келдім. Қазақ ұлтының бауырмалдығына әлі күнге таңғаламын. Бүгін де қолдарынан келгенше қауым болып көмек қолын созуда. Ауылдастарыма алғыстан басқа айтарым жоқ», — дейді Андрей Томпа.