Жуалыдағы жұмысты жүйелеуге жаңашылдық керек

406

Жуалының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында түзілген жоспар өз деңгейінде орындалмады. Жергілікті билік мүмкіндігі бола тұра ауыл шаруашылығын дамыту шараларына мән бермеген сыңайлы. Аудан әкімдігінің агро сектордың мол потенциалын әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмсай алмауының себебі де сан түрлі. Бір белгілісі Жуалыдағы жұмысқа қатаң талап пен нақтылық жетіспейді. Аудан активімен алты айдағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы бойынша жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов дәл осы мәселелерді күн тәртібіне қойды.

Аймақтағы түйінді түйткілдің бірі ретінде ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді сөз етуге болады. Межелі 30 индикаторлық көрсеткіштің 4-еуіне қол жеткізілмеген салада егістік алқаптарын көбейту, техникамен жабдықтау, ауыл шаруашалығы өнімдерін өткеру мәселелері өзінің өзектілігімен күн тәртібінде тұр. Тіпті егістік алқаптары 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 14 мың гектарға азайып кеткен. Ал минералды тыңайтқышпен қамту ісіндегі жайбасарлықты межеленген 13 500 тонна фосфогипстің бірде-бір тоннасының шаруаларға жеткізілмеуінен байқауға болады.

Сондай-ақ агроқұрылымдардың материалдық-техникалық базасы 40 пайызға ескірген. Қазіргі таңда ауданда 11 канал есепке алынған оларды арнайы механикалық жасақ көмегімен тазалау жоспарланған. Сондай-ақ аймақтағы 13 қоймасының потенциалында ескерген жөн. Есепті кезеңде өз жұмысын бастауы керек болған 8 кооператив бойынша әлі күнге нақты мәлімет жоқ. Шаруаларды несиелендіру көрсеткіші көңілден шықпайды. Сүт бойынша межені қиналмай еңсерген ауданда ет жоспарын орындау қиындық туғызуда.

Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімін өткеру жүйесі жолға қойылмаған. Өңір кәсіпкерлік саласында «Бурный Солардың» жобаларын ғана қанағат етуде. Ауыз сумен қамту ісінде Жуалы ауданы көш соңында тұр. Мұндағы 15 елді мекенге тіршілік нәрі жеткізілмеген. Су тартылған елді мекендердің өзінде 3500 адам су тапшылығын сезініп отыр.

Осы орайда, салалық басқарма басшысы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мекемесі мен сумен қамту кәсіпорынының салғырт жұмысы үшін сөгіс беруді ұсынды. Сонымен бірге, бұған дейін жалпы құны 629 миллион теңгеге жоспарланған мектептің жобалық-сметалық құжаттарын қайта қарау нәтижесінде 330 миллион теңге үнемделгенін де айта кету керек.

Жиында мұнан өзге ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін ілгері етудің шаралары жөнінде нақты ұсыныстар айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.