Жамбылға Жизақ облысының делегациясы келді

906

Өңірімізге Өзбекстан Республикасының Жизақ облысынан ресми делегация арнайы жұмыс сапарымен келді. Жизақ облысы әкімінің орынбасары Улугбек Эгамов бастаған делегация құрамында Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы өкілдігінің өкілі Бахтиер Камалов, Өзбекстан республикалық «Достуг» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимов бастаған бірқатар іскер азаматтар бар.

Көршілес елден жеткен делегацияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қабылдап, екі елдің бауырластығы ежелден қалыптасқанын, Қазақстандағы Өзбекстан жылы арадағы байланысты одан әрі өркендете түскенін айтып, қонақтардың қадамына құт тіледі. Елбасымыз екі елдің ынтымақтастығын берік қолдайтынын, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, өнеріміз қатар дамып отырғанын айтты. Облыс активінің бірқатар мүшелерін қонақтарға таныстырған Бекболат Серікбекұлы біздің өңірдің экономикалық-әлеуметтік әлеуетіне, облыста химия саласының қарқынды дамып отырғанына, Талас пен Сарысу ауданында «ЕуроХим» компаниясы жұмысын бастайтынына, Мойынқұмнан шыққан алтынның да облыс қазынасына біраз табыс әкелгеніне тоқталды. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің халықаралық байланыстарға жол ашқанын, темір жол және аграрлық саласының жетістіктерін, Талас өзені бес ауданның аумағын басып өтетінін баяндап берді.
Өз кезегінде Жизақ облысы әкімінің орынбасары Улугбек Эгамов делегацияны жылы қарсы алып, қабылдағаны үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлына алғысын білдірді. Ол өзі еңбек ететін өңірдің даму жағдайынан әңгіме өрбітті. Жизақ облысында бүгінгі таңда құны 65 миллион АҚШ долларын құрайтын 7 жоба жүзеге аспақшы. Улугбек Әбдіғалиұлы өз өңірінде цемент зауытын салуды, мұнай өнімдерін ұқсату компанияларын жүзеге асыруды мақсат тұтатындарын, бұл орайда шикізатты Ресей мен Қазақстаннан алуды көздейтіндерін жеткізді. Ол Жизақ облысы химиялық элементтерге бай өңір екенін айтып, тоқыма өнімдерін дамытуды да қолға алғандарына тоқталды. Мұнан соң Өзбекстан республикалық «Достуг» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимов сөз алып, бауырлас екі елдің арасы ет пен тырнақтай бірігіп кеткенін айтып, достық-іскерлік байланыстың нығая беруіне тілектестік білдірді. Бұл орайда Бекболат Серікбекұлы Жамбыл жерінде үш цемент зауыты жұмыс істейтінін, «жасыл экономика» бойынша біздің облыс республикада көш бастап тұрғанын айтып, өзара іскерлік байланысқа біздің тарап ынталы екенін, бұл байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметов қолдап отырғанын сөз етіп, Жизақтан келген делегациямен бірлесіп нақты жұмыс атқаруды облыс әкімінің кеңесшісі Аслан Сабыржанұлына тапсырды. Б.Орынбеков облыс халқы атынан Жизақ облысы әкімінің орынбасары Улугбек Эгамовке Ұлы Жібек жолы көріністері бейнеленген картинаны естелікке сыйға тартты. Өзбекстандық делегация басшысы да Бекболат Серікбекұлына құрмет көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.